Сәу 13, 2016 19:55 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (64)

Ирандағы қабірлер мен кесенелердің құрылысына көңіл аударудың екі маңызды факторы бар: өлімнен кейінгі әлемге сену және қайтыс болған адамның туған-туыстары, достары мен жақтастары тарапынан құрметтелуі.

Исламға дейінгі дәуірлерде Иранда қабір мен кесене ерекше архитектуралық жоба негізінде салынған. Бұл орындар қарапайым болғанымен, ерекше берік болған. Олардың кейбіреулері бүгінге дейін сақталып қалған. Ислам пайғамбары (с.ғ.с.) : "Өлгеннен кейін жойыламыз деп ойламаңдар. Тек бір үйден екінші үйге ауысасыңдар", -деген. Ислам діні өлімді адамның бір өмір кезеңінен екінші кезеңге өтуі деп санайды. Ислам тұрғысынан адам мәңгі өмір сүреді: өлім рухты тек тәннен шығарып, оны басқа дүниеге кіргізеді. Осы кезеңде адамның осы дүниеде жасаған жықсылығы мен жамандығы негізінде ақырет әлеміндегі бақыты мен бақытсыздығы анықталады. Сондықтан да Ислам дінінің маңызды принциптерінің бірі – ақырет күні мен о дүниенің барлығына иман келтіру болып табылады. Ақырет күніне сену Алланың бірлігі мен Мұхаммедтің пайғамбарлығына иман келтірумен қатар тұратын діни принциптер болып табылады. Ақырет күніне иман келтіру адамның құлқынан бастау алады. Бұл оның мәңгілік өмір сүруге деген талпынысынан шыққан. Ақырет күніне сену осы дүниенің тұрақсыз өміріне ерекше мән-мағына бере алады. Ислам тұрғысынан қайтыс болған адамға құрметпен қарау керек. Сондықтан марқұмдар үшін арнайы рәсімдер орындалады. Намаз оқу, Құран оқу, марқұмның кешірілуі мен рухының тыным табуын сұрап дұға оқу сияқты ғибадат ету рәсімдері орындалады. Кейде қайтыс болғандардың рухын шаттандыру үшін кедейлер мен жоқжітіктерді тамақтандырады немесе оларға уәде етілген ас – «назри» үлестіреді. Мұсылмандар арасында және әртүрлі елдерде қабір салу кең таралғанмен, олардың бірбірінен айырмашылығы бар. Мысалы, Түркияда төбесі жабылмаған қабірлер көп. Ал Иранда көптеген ұлы тұлғалар күмбезді мұнаралардың ішіне жерленетін болған. Мұнара салу мен оны безендіру қайтыс болған адамның қоғамда алған орны мен жағдайын көрсетіп отырған. Барлық ұлттар мен діндердің арасында көрнекті саяси, діни және мәдени тұлғаларға ескерткіш қою рәсім болып саналады. Олардың қабірлерін ұлттық символ ретінде қорғауға алады. Иранның мұсылман халқы қайтыс болғандарға өз ықыласы мен сезімдерін білдіру үшін кесене салуға бет бұрды. Ислам келгеннен кейінгі дәуірлердегі Иранның кесенелерін бірнеше топқа бөлуге болады: діни тұлғалардың қабірлері мен зиярат ететін орындарға Мешхед қаласындағы Имам Резаның (ғ.) қасиетті кесенесі мен Құм қаласындағы хазірет Масуменің (ғ.) қасиетті кесенесі; көрнекті ғалымдар, діни ойшылдар мен факихтардың қабірлер: Рей қаласындағы шейх Саддуқ кесенесі мен Исфахандағы әлламе Маджлесидің кесенесі; көрнекті жазушылар, шайырлар мен өнерпаздардың кесенелері: Нишапур қаласындағы Аттар мен Хайямның кесенелері мен Тустағы Фердоуси кесенесі; патшалар, әмірлер мен жергілікті билеушілердің кесенелері: Гүлстан облысындағы Кабус күмбезі. Бұл ғимараттардың көбісі күмбез бен оның астындағы кеңістіктен тұрады. Онда қайтыс болған адам жерленетін. Қабірлердің көбісі күмбезді мұнара түрінде кездеседі. Күмбездің сыртқы беті күйдірілген кірпішпен тор көз пішінде безендірілген. Әдетте қабырғаның жоғарғы бөлігінде немесе кіреберіс есіктің маңдайшасында глазурьмен қапталған кірпіштен жазу жазылған. Онда қайтыс болған адамның атыжөні мен кесененің салынған уақыты ойылып жазылған. Тіктөртбұрыш пішіндегі құлпытас қабірдің орналасқан жерін білдіреді. Оның бетіне адамның туған және қайтыс болған жылы, Құран аяттары мен марқұмды мадақтауға арналған өлеңдер жазылған. Гүл мен өсімдіктердің немесе шамның суреті қабірді айнала ойылып салынады. Әдетте, құлпытас берік те бекем болуы үшін сол аймақта кездесетін ең жақсы тас түрі таңдалынып алынады. Көптеген кесенелер жапжасыл бақтың ортасына салынған. Эстетикалық тұрғыдан, бақ ортасындағы қабір жоқтай келген адамның санасында жұмақпен астастырылып отырған. Бұл бақтарда сауырағаш сияқты үнемі жасыл болып тұратын ағаштар көзге жиі түседі. Онда жеміс ағаштары азырақ егіледі. Мысалы, Иранның атақты шайырлары Хафиз бен Саадидің екеуі де Шираз қаласында жанға жайлы бақтың ішінде жерленген. Ирандықтардың бақ салу өнері қайтыс болған адамның кесенесінің айналасын жасылжелекті жанға жайлы кеңістікке айналдырады. Мұның өзі жоқтаушылардың көңіліне демеу болады. Әрине, қарапайым адамдар ауылдар мен қалалардың қоғамдық зиратында жерленіп отырған. Бұл зираттарда құлпытастар мен олардың бетіндегі символдар әртүрлі аймақ пен тайпаның мәдениетіне сәйкес, бірбірінен сәл де болса ерекшеленеді. Әрине, кейбір ирандықтар өз өсиеттеріне сәйкес имамзадалар мен зиярат ететін орындар сияқты қасиетті жерлердің ауласында жерленген. Мұндай қабірлер өте қарапайым болып келеді. Иранның солтүстікбатысындағы Марағе қаласы Иран өркениетінен, әсіресе Селжұқтар мен Ильханилер дәуірлерінен қалған тарихи күмбездер мен мұнаралардың орналасуымен ерекше маңызды. Марағедегі «Қызыл», «Көгілдір», «Ғаффарие» және «Ақалар» мұнаралары мен күмбездері осы қаланың әртүрлі жерлерінде орналасқан кесенелер мен мемориалдар болып табылады. Марағенің «Қызыл күмбезі» осы қаладағы ең ежелгі күмбез болып табылады. Ол х.ж.с.б. 542 жылы (1147 жылы) Селжұқтар заманында мемориал ретінде салынды. Бұл екі қабатты құрылыс төртбұрышты пішінде салынған. Оның ішкі, сыртқы безендіруінде Құран аяттарымен өрнектелген әдемі алебастр жапсырмалары қолданылған. «Көгілдір күмбез» – Марағенің басқа бір бөлігінде орналасқан. Бұл күмбез – онқырлы құрылыс. Мұнара мен күмбездің өзіне тән безендіру стилі бар. Күмбезді жабуда қыш кірпіш пен көгілдір түсті кафель пайдаланылған. Қабырғаның жоғарғы бөлігі мен оның күмбезбен жалғасқан жерінде қолданылған кірпішті көркемдеп қалау үлгісі Иран сәулет өнерінің бірегей туындыларының қатарына жатады. Көптеген туристер аталмыш тарихи қалаға келулерінің басты себебін осы әдемі мұнараны көру деп айтқан. Бұл мұнара әктас, шикі кірпіш пен саруджтан (цементке ұқсайтын аса берік әк қоспасы) жасалған. «Ғаффарие» мұнарасы моңғолдық Ильханилер заманында салынған. Бұл мұнараны салуда бетін жылтырататын кірпіш азырақ пайдаланылған. Оның орнына керамикалық тақташалар кеңінен қолданылған.

Тегтер