Иран мәдениеті және сәулет өнері (69)
Ирандық сәулетшілердің қабырға немесе төбе бетін безендіруде пайдаланылатын алебастр жапсыру өнерінің Иран тарихындағы тамыры тереңде жатыр.Ирандық сәулетшілердің қабырға немесе төбе бетін безендіруде пайдаланылатын алебастр жапсыру өнерінің Иран тарихындағы тамыры тереңде жатыр.
Археологиялық құжаттар алебастрды жасау тарихының шикі және күйдірілген кірпіш жасаудан бұрынырақ басталғандығын көрсетеді. 4500 жылдық тарихы бар Мысырдың пирамидаларында алебастр тастардың арасын жабыстыратын берік зат ретінде пайдаланылған. Тарихи деректерде әлемнің кейбір жерлерінде алебастр қабырғаларды сылауға, ғимараттың ішкі бетін жабуға пайдаланылады. Алебастр ғимараттарда пайдаланылумен қатар, керамика, шыны жасау, жылу және дыбыс изоляциялары, медицина, қағаз жасау және былғары жасау сияқты өнеркәсіп түрлерінде де қолданылады. Иран сәулет өнерінде алебастрдан жасалған өрнектерді пайдалану ежелден-ақ кең таралған. Оның тарихы алдымен Хақаманши заманынан, содан соң Сасанилер дәуірінен басталады. Исламнан кейін ирандық өнерпаздар бұл өнерді дамытып, Умавилер дәуіріндегі сарайларды алебастр жапсырмаларымен кең түрде безендірген. Алебастр жапсырмаларының көптеген үлгілерін сол заманнан қалған "әл-Мание" сияқты сарайлардан көруге болады. Бірақ осы өнердің ең маңызды ескерткіштері Ирактағы Самарра қаласында пайда болды. Онда табиғаттан үлгі алып салынған суреттермен безендірілген алебастр жапсырмасының ең әдемі үлгісі бар. Бұл сарайларда қабырғалар бір метр биіктікке дейін алебастрмен қапталған. Оның бетіне әдемі өрнектер салынған. Содан кейін ирандық стильдегі алебастр жапсыру өнері Ирак арқылы басқа елдерге таралды. Мысал ретінде Мысырдан табылған үлгілерді атауға болады. Бұл үлгілердің Мысыр жерінде осыған дейін болған үлгілерден айырмашылығы бар. Бұл Иран өнерінің басқа елдердің өнерпаздарына тигізген әсерін көрсетеді. Бұл үлгілерде төбенің айналасы мен терезелердің жақтаулары өсімдік пішіндес өрнектермен және куфа жазуымен безендірілген. Бұл ирандық алебастр жапсыруы өнерінің ерекшелігі болып табылады. Ильханилер дәуірінде алебастр жапсыру өнері өзінің шарықтау шегіне жетті. Алебастр мешіттердің ішінде, әсіресе михрабтарды безендіруде кеңінен пайдаланылды. Ильханилер дәуірінде салынған михрабтарда алебастр бетінде куфа жазуы мен геометриялық пішіндер бедерленген. Осы заманда бедерлі алебастр жапсырмалары өте көп қолданылған. Осы дәуірден қалған ескерткіштер ретінде Қазвиннің Хейдарие мешітінің теңдессіз жазбаларын, Бастамдағы Баязид Бастамидің кесенесі мен Исфахандағы көптеген михрабтарды атауға болады. Бұлар теңдесі жоқ құнды өнер туындылары. Исфаханның Орталық мешітіндегі теңдессіз "Олжайту" михрабы – алебастр жапсыру өнерінде сирек кездесетін құбылыс. Ол Ислам әлемінің сәулет өнеріндегі алебастр жапсыру өнерінің ең құнды үлгісі болып саналады. Бұл михраб х.қ.ж.с.б. 710 жылы (1310 жылы) салынған. Оның бетінде Құран аяттары мен Пайғамбардың (с.ғ.с) хадистері жазылған. Бұл жазбалардың айналасын әдемі өсімдік суреттері көмкерген. Олар Исфаханның алебастр жапсырушысы ұстаз Хейдардың қолымен жасалған. Италиялық жазушы Итало Кальвино Исфаханды көріп қайтқаннан кейін осы михраб жайлы: "Мен 14 ғасырға тиесілі Исфаханның Орталық мешітінің михрабын сипаттаймын. Михраб – Мекке мен қыбыла бағытын көрсетіп тұратын мешіттің бір бөлігі. Мешітке кіріп шыққан сайын михрабтың алдында тұрып алып, оны тамашалаудан жалықпаймын. Мені тарта түсесін нәрсе, ол есіктің көрінісі. Ол ашылмайды, бірақ өте құнды дүниені сақтауға арналып жасалғандай", -деп жазған. Кальвино өз сөзінің жалғасында: "Олжайту михрабы ақ түсті алебастрдан жасалған. Оның бетіне әртүрлі өрнектер ойылып салынған. Михрабтың жиегінен әртүрлі безендіру түрлерін көруге болады. Михрабтың өте нәзік алебастр жапсырмалары көрерменді шексіз кеңістікпен жалғасырады. Оны көргеннен кейін өз сезіміңізді тілмен жеткізу қиын", -деп жазған. Сафавилер дәуірінде алебастр жапсыру өнері жаңа тәсілдермен жасала бастады. Әдемі архитектуралық сталактиттер төбелердің жиегіндегі гүл мен өсімдік суреттерімен бірге ғимараттарды көмкеретін болды. Осы арада Исфахандағы "Һәшт бехешт" сарайы, Қейсарие базарының кіреберіс маңдайшасы, "Али Ғапу" сарайының музыка залы сияқты ғимараттар алебастр жапсыру өнерінің өте жақсы үлгілерін өз бойына жинаған. Қаджарлар заманында да алебастр жапсыру өнерінің жақсы дамуы мемлекеттік кеңселер мен қоғамдық орындарда осы өнер түрімен безендірілген көптеген үлгілердің пайда болуына себеп болды. Теһрандағы "Гүлстан" сарайы, Шираздағы "Эрам" және "Наренджестан-е Қавам" сарайлары – Қаджарлар заманында салынған алебастр жапсыру өнерінің құнды үлгілері болып табылады. Қаджарлар дәуірінен кейін алебастр жапсыру өнері біртіндеп халық арасына тарала бастады және тұрғын үйлердің кіреберіс маңдайшасын немесе оның ішін безендіруде кеңінен пайдаланылды. Қазіргі ғимараттардың көбісінде алебастр жапсырмаларының бетінен әралуан түрлі түсті суреттер мен көркем жазумен жазылған өлең жолдарын көруге болады. Әрине бұл үдеріс соңғы бірнеше онжылдық ішінде өзгерді. Алебастр жапсыру тәсіліне инновация енгізілді. Алебастр жапсыру өнерінің мамандандырылған таңғажайып тармағының бірі – алебастрдан терезе жасау. Сафавилер дәуірінде бұл тармақ кең қолданыста болды. Қазір де кейде алебастрдан терезе жасалады. Бұл өнерде терезенің орнына алебастрдың қалың қабаты дайындалып, торкөз жасалады. Содан соң алебастрдан жасалған терезенің тесіктері түрлі түсті шынылармен жабылады. Бүгінде қарапайым ғимараттарда алебастр қабырға мен төбені сылау үшін қолданылады. Алебастр жапсыру тек арзан әрі жеңіл ғана емес, құрылыс материалдарының беріктігін арттыру қасиетіне де ие. Сондай-ақ алебастр бетіне түрлі бояулармен әралуан жобалар салуға болады.