Иран мәдениеті және сәулет өнері (71)
Әртүрлі аймақтарда салынатын ғимараттардан бір қоғамда өмір сүретін адамдардың кейбір мәдени әлеуметтік көзқарастарымен танысуға болады.
Иран сәулет өнерінде де салт дәстүр, географиялық және климаттық жағдайлар айқын байқалады. Иран сәулет өнерін зерттегенде сәулетшілермен бірге қолөнершілердің де Иранның дәстүрлі сәулет өнеріне көп әсер еткендігін көреміз. Иранның өзіндік сәулет өнерінде ғимараттар керамикалық тақташалар жапсыру, алебастр жапсыру, айна сынықтарын жапсыру және ағаш бетіне ойып өрнек салу сияқты өнерлермен безендіріліп отырған. «Мұнаббат» – ағаш бетіне ойып өрнек салу өнері. Алғашқы қауым адамдарына қолжетімді шикі заттардың бірі ағаш болған. Алғашқы қауым адамдары ағаштардың діңдері мен бұтақтарын пайдаланып өздеріне күрке мен ыдыс аяқ жасап, олардың бетіне нақыштар салған. Әрине, ағаш өмірінің қысқа болуына байланысты ежелгі дәуірлерден айтарлықтай ескерткіш бізге жеткен жоқ. Бірақ кейіннен өнерпаздар мен сәулетшілер ағаштың беріктігін арттыратын тәсілдер ойлап тапты немесе берігірек ағаштарды пайдалана бастады. Мәселен, бүгінде олардың белгілерін тарихи ғимараттардан көруге болады. «Мұнаббат» сөзі –«набат» - өсімдік деген түбір сөзден алынған. Иранда ағаш бетіне гүл мен өсімдіктің нақыштары ойылып салынатындықтан, бұл өнер түрін «мұнаббат» деп атайды. Мұнаббат өнері Иранда ежелден ақ кең таралған. Осы өнер түрінен қалған ең ежелгі ескерткіш х.қ.ж.с.б. 3 ғасырдағы (10 ғасырдағы) Саффариан дәуіріне жататын Шираздың «Атиқ» мешітіне тиесілі есіктің бір жақтауы болып табылады. Ғимараттарда мұнаббат өнерін қолдану тұрғысынан ең көрнекті дәуірлер Селжұқтар мен Тимурилер дәуірлері болды. Бұл дәуірлерде мұнаббат өнерінің стилі алебастр жапсыру өнеріне ұқсас болып келген және сол дәуірде салынған мешіттердің көбісінің есіктері мұнаббат өнерімен өрнектелген еді. Зендтер және Қаджарлар әулеттері кезінде жеті түсті есіктер немесе әралуан терезелер сарайлар мен үйлерде кең таралды. Ол кезде ағаш Иран сәулет өнерінде маңызды рөл атқарған. Әрине, Иран сәулет өнерінде Финляндия сияқты елдермен салыстырғанда ағаш негізгі рөл атқармады. Иран сәулет өнерінің мағына жағынан Жапония сияқты елдердің сәулет өнерінен түбегейлі айырмашылығы бар. Өйткені Жапонияда сәулет өнері табиғат және өсімдіктермен тығыз байланысты. Ал Иран сәулет өнері табиғи кен орындардан алынған құрылыс материалдарын пайдаланып, оны ағаш және металл сияқты материалдармен қосуға негізделген. Терезе – Ирандағы ғимарат құрылысының негізгі ерекшеліктерінің бірі. Терезенің пішіні мен көлемі әр аймақтың климаттық және мәдени жағдайына байланысты. Ислам дәуірінің бас кезіндегі сәулет өнерінде терезелер кішкене және жіңішке пішінде көбінесе төбеге жақын жерде салынып отырған. Ислам сәулет өнерінде мұндай терезелерді салудағы басты себеп – жеке өмірдің аясын сақтау болып табылады. Мұндай терезелер көбінде тұрғын үйлерге арналған. Бұған керісінше қамалдар, сарайлар, мешіттер мен қоғамдық орындарда көру аясын кеңейту үшін терезелерді үлкен көлемдерде салып отырған. Ирандық сәулетші әрі жазушы Мұхаммад Кәрім Пирниа: «Иран тарихының бір дәуірінде терезені безендіруде алтын, күміс және піл сүйегі қолданылса да, бірте бірте терезенің жақтауын жасауда тұтас тастар пайдаланылды. Содан соң өнерпаздар ағаш бетіне ойып өрнек салуға кірісті», дейді. Ирандағы ең қарапайым терезенің түрі екі бөлікті немесе бірнеше бөлікті терезелер болған. Олардың әрқайсысы терезенің жоғары және төмен жағындағы ағаш сырықтың бойымен айналады. Терезенің тағы бір түрі еденнен төбеге дейінгі аралықты алып салынады. Негізгі бөлмелердің терезелерінің көбісі адамдар жерге отырып демалатын кезде аула, бақша және хауызды көре алатындай етіліп салынады. Өнер тұрғысынан ерекше маңызды болып табылатын ағаш терезелердің бір түрі – «ороси» деп аталатын екі жақтаулы ағаш терезе. Бұл сөздің бірнеше мағынасы бар. Соның ішінде «жоғары көтерілетін», «терезе», «жарық пен сәуле» мағыналарын атауға болады. Бұл терезелер бір қалыптың ішінде жоғары төмен қозғалып отырған және әдетте бөлменің төрт қабырғасының бірін құрайтын. Бұл терезелердің беті өте нәзік әрі әдемі геометриялық нақыштармен өрнектелген ағаш торкөз және түрлі түсті шыны сынықтарымен толтырылып отырған. 19 ғасырда Иранға сапармен келген АҚШ тұрғыны Самуэл Беньямин өзінің сапарнамасында осындай терезенің түрін сипаттай келіп: «Ирандықтар бөлменің төбесінен еденіне дейін бір үлкен терезе жасайды. Оны әртүрлі жақтаулар үш немесе төрт бөлікке бөледі және оны безендіру арқылы бөлме үшін әдемі ішкі сыртқы сипат жасайды». Әдемі «ороси» терезелері бар ғимараттардың арасында Шираздағы Кәрімхан қамалын, Мұхташам үйі мен Диванханені және Йездегі «Доулатабад» бағын атауға болады. Әрине есік пен негізгі терезелердің үстіне жарық түсіру немесе ауа тазарту үшін тағы бір терезе түрін салып отырған. Оның «роузан» саңылау деп атаған. Оны ағаш, алебастр немесе қыштан жасаған. Саңылауды жабу үшін қарапайым немесе түрлі түсті шыны пайдаланылған. Иранның ұлттық мирас жөніндегі маманы Реза Қасым Абадидің пайымдауынша, терезелер жазда және қыста қолданылатындығына байланысты жасалынатын. Ол: «Жазды күні қолданылатын бөлмелерде терезе кіреберіс есігінің үстіне салынатын. Күн ыстықта бөлмеге терезелер арқылы самал жел еніп тұратын болған. Ал қыстыгүні қолданылатын бөлмелерде шынылы терезелер қабырғаның төменгі бөлігінде салынатын», деп жазды. Ғимаратта ағаштан туынды жасауға қолайлы ағаштың ең жақсы түрі – шынар ағашы. Қуанышқа орай, бұл ағаш Иранда көптеп өседі. Шынар ағашы біртұтас діңгекке ие және өте берік. Әрине, мандарин, алмұрт, жаңғақ, қайың ағаштарының діңгектері және Иранның орман ағаштарының ішінде шамшат ағашы да Иран сәулет өнерінде қолданылады. Есік пен терезеден басқа, ағаш қабір қоршауының сандығы, бағандар, төбе бағаналары және қалып жасауға пайдаланылған. Оның үлгісін Исфаханның «Челсутун» сарайынан көруге болады. Бұл сарайдың мұнаббат өнерімен өрнектелген ағаш төбесі Иран сәулет өнерінің бірегей туындыларының қатарына жатады. Төбедегі әртүрлі геометриялық пішіндер мен ағаш қалыптар әртүрлі тарихи дәуірлерде өмір сүрген кілем тоқушылар мен суретшілер үшін шабыт көзіне айналды. Иранның солтүстігіндегі Гилян және Мазандеран облыстарында ерекше климат пен нулы ормандардың болуына байланысты ғимараттардың негізгі құрылыс материалы – ағаш болды. Сондай ақ, Парсы шығанағы жағалауында да ғимарат салуда басқа құрылыс материалдарынан бұрын ағаш көбірек пайдаланылады.