Сәу 13, 2016 21:02 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (75)

Мәдениеттер мен өркениеттер географиялық шекарадан асып таралады.

Оның айқын мысалы ретінде Иранның Орта Азия елдерімен мәдени байланысын атауға болады. Осы екі көршілес аймақ ежелден терең мәдени-тарихи байланыстарға ие. Осы байланысты саналы түрде тану және өткеннен хабардар болу аталмыш аймақтың мәдени жағдайының анықтала түсуіне көмектеседі. 20 ғасырдың басында Кеңес Одағы пайда болғаннан кейін ежелгі тарихы бар Орта Азия аймағының мұсылмандар тұратын дәстүрлі қалалары көптеген қиындықтарға ұшырады. Бұл аймақтардың халқына жаңа идеология мен социолизмнің ерекше тәсілдері үйлеспеді. Қалалар мен махаллелердің құрылысын өзгерту үшін халықты дәстүрлі қалалардан шығарып, жаңа қалаларға орналасуға күш салынды. Тіпті, ежелгі ғимараттарды бұзу басты назарға алынғандықтан, осы аймақтың тарихының мұрасына қауіп төнді. Социалистік Кеңес Одағының осы аймақ халықтарының мәдениеті мен мәдени мұрасына көңіл аудармауы Орта Азиядағы мәдени мұраның айтарлықтай бөлігінің бұзылып-жойылуына себеп болды. Әрине, Кеңес Одағы құлағаннан кейін бұл үдеріс тоқтатылып, ұлттар өздерінің өзіндік болмыс-бітімін қайта тапты. Кеңес Одағы құлағаннан кейін Орта Азияда тәуелсіздік алған жаңа елдер арасында мәдени байланыстар артып, осы аймақта өмір сүретін ұлттар өткеннен қалған мұраға көбірек көңіл аудара бастады. Орта Азия аймағының сәулет өнеріне жалпы шолу жасай келіп, былай деп айтуға болады: осы аймақтың қалаларында бір жерге ұжымдастырылып, есептелген тарихи ғимараттар немесе кесенелер кешені бар. Бұл ескерткіштердің асқан салтанаты көрген адамның көзін қызықтырады. Самарқанд сияқты қалаларда барлығынан бұрын қаланың болмысын айқындап, ерекшелендіретін нәрсе – мазар мен кесене. Үлкен масштабты еске алу ғимараттарын салу онда жерленген адамдардың тұлғалық маңыздылығын білдірумен қатар, олардың сол аймақтағы халықтың өмірі мен мәдениетіне тигізген әсері жайлы да баяндап береді. Самарқанд – тәжіктер тұратын ең үлкен қала. Ол қазір Өзбекстан республикасына қарайды. Самарқанд Ұлы Жібек жолының ортасында орналасып, ескі әлемнің Батысы мен Шығысын жалғап тұрған дүние жүзіндегі ең ежелгі қалалардың бірі ретінде өте маңызды. Бұл қалада Әмір Темірдің кесенесі, Шахзенденің кесенесі, Бибі ханым мешіті, қажы Ихрарвалидің кесенесі сияқты маңызды ғимараттар салынған. Оларды сәулет өнерінің бірегей үлгісі деп атауға болады. Осы кесенелердің әрқайсысы мешіт сияқты қасиетті орындармен жапсарлас салынған бір кешенде орналасқан. Самарқанд тұрғындары өздерінің мерекелері мен діни рәсімдерін өткізу үшін кесенелермен жапсарлас осы орындарды пайдаланған. Кесенелердің жанында медреселер, отырып демалатын, серуендеп әңгіме-дүкен құратын жерлердің болуы осы кешеннің қоғамдық қолданыс аясының кең болуына септігін тигізді. "Гурмир" немесе "Тимур кесенесі" – Самарқандтағы бір тарихи кешен. Ол кесене, медресе, ханқах – сопылар жиналатын жер және бір залдан тұрады. Бұл ғимараттардың барлығы бір төртбұрышты ауланың айналасына салынған. Ақсақ Темір өзінің немересі қайтыс болғаннан кейін 1402 жылы осы орынға кесене салып, оны әртүрлі тәсілдермен безендіруге бұйрық береді. Бұл ғимараттың пияз пішінді күмбезі бар. Ол екі қабаттан тұрады. Күмбезді айналдыра куфа жазуы жазылған. Күмбез бен оның ішкі қабырғалары жарқыраған керамикалық тақташалармен жабылған. Оның биіктігі шамамен 34 метр. Күмбезді Мұхаммад бен Махмуд Исфахани салған көрінеді. Ол кесенені Иран сәулет өнерінің тәсілдерін пайдаланып салған. Қабірлерді жабу үшін біртұтас мәрмәр тастарды пайдалану және оны өсімдік пішіндес өрнектермен безендіру – осы сәулетшінің құнды еңбектерінің бірі. Атақты сопы шейх Ахмет Яссауидің кесенесі Иран сәулет өнері ерекшеліктерімен салынған ғимараттардың бірі болып табылады. Бұл кесене – тіктөртбұрыш пішінді ғимарат. Оның сыртқы қабырғалары жазбалар мен муаррақ – кірпіштен жасалған өрнектермен безендірілген. Онда көк керамикалық тақташалармен безендірілген әдемі күмбез бар. Тимурилер заманы ішкі-сыртқы талас-тартыстарға қарамастан, Ислам өнерінің маңызды дәуірлерінің бірі болды. Симметрия – Тимурилер заманындағы барлық архитектуралық құрылыстардың ерекшелігі. Самарқандтағы "Шахзенде" кешені мен Мешхедтегі "Гаухаршад" мешіті – осы дәуірдің атақты үлгілерінің бірі. Мысалы, "Шахзенде" кешеніндегі екі қабатты күмбездер, мозайкалар, алтын жапырақтар және әдемі гүлдермен безендірілген симметриялы керамикалық тақташалар, алебастр жапсырмалары – осының барлығы ирандық өнерпаздардың Иран сәулет өнерінің айшықты ерекшеліктерін көрсете алған үлгілері болып табылады. Тимурдың ізбасарлары да Үлкен Хорасан аймағы мен қазіргі Иран жерінде үлкен ғимараттар салуға бет бұрған. Біз өткен бағдарламаларда осы ғимараттардың Табриздегі "Көгілдір" мешіт сияқты кейбір үлгілеріне тоқталып өткен болатынбыз. Иран стиліндегі сәулет өнерінің үлгілері бар қалалардың бірі – Мерв. Бұл – ежелгі Хорасанның ең ескі қалаларының бірі. Ол мыңжылдықтар бойы Орта Азия мен Иранның мәдениеті мен өркениетінің дамуына айтарлықтай ықпал еткен. Мерв бүгінде Түркіменстан республикасында орналасқан. 1999 жылдан бастап тарихи-мәдени құндылықтарына байланысты бұл қала дүниежүзілік мұра тізіміне алынды. Осы аймақта сақталып қалған тарихи ескерткіштер б.з.д. 3-ші мыңжылдықта осы жерде отырықшылардың өмір сүргендігін көрсетеді. Мерв Ахеменидтер патшасы Куруш заманында салынуы мүмкін. Аталмыш қала Ашканилер кезінде де маңызды қала болған. Ислам келгеннен кейін Мерв қаласы Ислам әлемінің маңызды қалаларының бірі болып саналған. Мервті "Мигранттар қаласы" деп те атаған. Өйткені араб елдері мен Азия құрлығының басқа жерлерінен келген мигранттар осы қалада өмір сүріп, оның мәдениетіне әсер еткен. Бірақ ирандықтар әрқашан осы қаладағы ықпалды адамдардың қатарында болған. Бұл ықпалдың шарықтау шегі Селжұқтар заманында болды. Мервтің Сұлтан Санджар Селжұқтың кезінде гүлденгендігі соншалықты, сол замандағы Бағдадтан кейінгі абадтанған екінші мәдени қала болып саналды. Селжұқтар заманындағы кесенелерді Мерв қаласындағы сәулет өнерінің маңызды үлгілерінің бірі деп санауға болатындығы күмәнсіз. Мұндай кесенелер Иранның Голестан облысының Гомбад қаласындағы атақты "Кабус күмбезі" мұнарасынан шабыт алып салынғанға ұқсайды. "Кабус күмбезі" – кесене-мұнаралардың ең көрнекті үлгісі. Тоғрұл – Рей қаласында қайтыс болған Селжұқтардың алғашқы патшасы. Бүгінде Теһранның оңтүстігіндегі Рей қаласында "Тоғрұл мұнарасы" деп аталатын ескерткіш бар. Бұл мұнара Тоғрұл патшаның кесенесі деп айтылады. Мұнарада конус пішіндес күмбез болған, ол толығымен ирандық стильмен салынған. Мерв қаласында "Сұлтан қамалы" кешенінің ортасында Сұлтан Санджар кесенесі орналасқан. Ол Селжұқтар дәуіріндегі сәулет өнерінің шарықтау кезеңінің ескерткіші болып табылады. Бұл кесенені Хорасандағы Сарахс қаласынан шыққан сәулетші Мұхаммад Әзіз 12 ғасырдың басында салған. Кесене төртбұрышты пішінде кірпіштен қаланған. Оның күмбезінің диаметрі 18 метр. Бұл күмбез бір кездері көгілдір түсті сырлы кірпіштермен жабылған екен, ал қазір оның жұрнағы да қалмаған. Сұлтан Санджар кесенесі Занджандағы "Сұлтание" күмбезі немесе "Олжайту" кесенесіне ұқсайды. Сұлтан Санжар кесенесіндегі күмбездің жақтауларында қалған аз ғана безендірулер Иран сәулет өнерінің ішкі безендіру түріне ұқсайды.

Тегтер