Батыстың өмір салты (18)
Бүгінгі бағдарламада Батыста нәсілшілдіктің артуына тоқталамыз.
Кейбір адамдар нәсілшіл ойлардың қазіргі әлемде өткен ғасырлармен салыстырғанда жақтастары жоқ-ау деп ойлауы мүмкін. Алайда Еуропаның кейбір елдерінде оңшылдардың билік басына келуі және нәсілшілдікті жақтап, ақ нәсілділердің артықшылықтары туралы ашық түрде сөз қозғайтын Дональд Трамптың АҚШ-та билік басына келуі Батыста нәсілшілдіктің белең алғанын көрсетеді. Батыстың түрлі елдерінде арагідік әсірешілдер тарапынан орын алатын қатігездік әрекеттер – осы сөздеріміздің дәлелі. Куәлердің айтуынша, нәсілшілдік бөгделермен жауласу және әсіре национализмнен көрініс тауып отыр. Әсірешілдер ақ нәсілділердің артықшылыққа ие болуын және олардың ойынша таза емес нәсілдерді жоюды талап етеді. «Батыстың өмір салты» атты бағдарламамыздың осы аптадағы бөлімінде Батыста нәсілшілдіктің артуы тақырыбына тоқталамыз.
Франс Фанон «Нәсілшілдік және мәдениет» атты кітабында: «Батыс техникалық артықшылықтың арқасында түрлі елдерді отарлап, әлемге билік жүргізді. Отарлаушылардың пікірінше, олардың жоғары өркениетке ие болуы текті нәсілден шығуына байланысты. Сол себепті нәсілшілдік түрлі қалыпта Батыстың мәдениеті мен өркениетіне енді, біртіндеп оның ұстындарының біріне айналды. Тексіз нәсілді қорлаудан адамды қорлауға, тұлға мен оның абыройын төгуге дейін бір-ақ қадам қашықтық бар»,-деп жазған.
Осы күндері батыстықтар өз қоғамдарында тері түсі мен нәсіліне қарамастан, адамдарды кемсітушіліксіз теңдік орнаған деп уәж айтады. Бірақ Батыс өркениеті тарихындағы оқиғаларға шолу жасағанда бұл уәж түйткілге ұшырайды. Ежелгі гректер өзге ұлттарды еркіндікке лайықты емес адамдар санаған. Ұзақ уақыт бойы құл сатушылар кемелерді африкалық қара нәсілділерге толтырып, Америкаға апарып, мүмкіндіктер елінің негізін қалады. Қазірге дейін күш-қуатқа ие қалталылар Құдайдың ең қадірлі тіршілік иесі адамдарды заманауи құлдарға айналдыруға талпынып жатыр. Нәсілшілдік Батыс қоғамдарындағы түйткілдердің бірі болып келеді. Соңғы онжылдықтарда да Еуропа елдерінде нәсілшілдіктің жаңа толқыны кең таралды. Бұл құбылыс Еуропаның солтүстігіндегі Норвегия елінен құрлықтың оңтүстігіндегі Грекия сияқты елдерде де байқалады. Тіпті өзін азаттық пен демократияның бесігі санайтын Францияда нәсілшілдік мәселесі қатты талқыланып жатыр. БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушіліктерді жою комитетінің (CERD) мүшелері Франциядағы нәсілшілдік жағдайын қауіпті деп бағалап: «Францияда нәсілшілдікке қатысты орын алған оқиғалар жайлы ақпараттар бас шайқатады»,-деп мәлімдеді. Осы комитет Франция үкіметін нәсілдік шаралардың белең алуына қатысты саяси ерік-жігер көрсетпегені үшін қатаң сынға алды.
Нәсілшілдік адамды нәсіліне байланысты кемсітіп, жиреніш білдіруден көрініс табады. Алайда бұл құбылыс тек тері түсіне қарай бөлуден тұрмайды, керісінше басқа факторлар, соның ішінде ұлт, тіл, дін мен т.б. нәсілдік фанатизмді тудыра алады. Францияда 5 млн-нан аса мұсылман бар. Олар ұдайы француз нәсілшілдерінің азабы мен қудалауына ұшырап келеді.
Францияның «Ифоп» қоғамдық пікір институтының 2019 жылдың қараша айындағы сауалнамасының нәтижесі көрсеткендей, бұл елдегі мұсылмандардың 42 пайызы өмірлерінде бір рет болса да, ұстанатын дініне байланысты кемсітушілікке ұшырағанын айтты. Осы сауалнама бойынша, Франциядағы мұсылмандардың 40 пайызы мен басқа дін өкілдерінің 17 пайызы соңғы бес жылда кемсітуші және нәсілдік қатынасқа ұшыраған. Кемсітуші қатынастар көбіне 30-40 жастағы адамдар мен хиджаб киген әйелдерге жасалған. Ислам Франциядағы екінші ірі дін екенін айта кеткен жөн.
Финляндиялық мұсылман зерттеуші Линда Хиуки бүгінде Еуропа елдерінің көбіндегі хиджаб пен орамал туралы пікірталастарға тоқталып: «Менің ойымша, бұл пікірталас екіқырлы стандарттан туындап отыр. Бір жағынан Батыс мәдениетінде әрдайым индивидуализм мәдени норма ретінде жарнамаланады. Батыс мәдениетінде «Өзіңмен өзің бол» деп айтылады. Басқа жағынан қоғам хиджаб киген бірнеше әйелге төзе алмайды. Ақырында талқыланатын мәселе – халық қалай киінеді. Егер бұл мәселені дінге қатыстырсақ, ол бірден түйткілге айналады. Басқа бір мысал келтірейін, Исламда бірнеше әйел алу – даулы тақырып. Бірақ бірнеше адамға ғашық болудың заманауи ұғымы туралы сұхбат болғанда адамдар оны жеңілірек қабылдайтын сияқты. Діни тұрғыдан бір іс жасалса, түйткілге айналады. Еуропа жалпы дінге қарсы»,-деді.
Ұлыбританияда нәсілшілдікке бет бұру бүгінде бір мәдени-әлеуметтік түйткілге айналды. 2016 жылы The Independent газеті 3 мыңнан аса британ полицейінің қатігез әрі нәсілдік қатынасы туралы әшкерелеп: «Бұл полиция қызметкерлері қылмыс жасаса да, бұрынғыдай өз лауазымдарында жұмыс істеп жатыр. Осы есеп бойынша, Ұлыбританияның 3 мыңнан аса полиция қызметкері жыныстық және басқа да қатігез қатынас салдарынан тергеуге алынды. Бірақ бұл адамдардың тек 2 пайызы қызметтен шеттетілді, ал қалған 98 пайызы бұрынғыдай жұмыстарын жалғастыруда»,-деп жазды. Осы британ газетінің зерттеуіне сәйкес, азшылық топтарға қатысты қатігездік пен нәсілшілдік қатынас көрсету британ полиция қызметкерлері арасында бір мәдениетке айналған. Азиялық және қара нәсілді азаматтар ақ нәсілді адамдарға қарағанда көбірек полицияның қатігездігіне шағым түсіреді.
The Independent газеті 2019 жылы да Ұлыбритания университтерінде нәсілдік оқиғалардың 60 пайыздан асқанын хабарлап, университет басшыларының нәсілдік қатынастарға қатысты әлсіз позиция білдіруі осындай оқиғалардың тіркелмеуіне себеп болғанын айтты. Ұлыбритания студенттерінің ұлттық одағының хабарлауынша, нәсілшілдік осы елдің университеттерінде күнделікті қатынасқа айналған, өткен екі жылда университеттерде діни жиіркеніштен туындаған шабуылдар саны екі есе артты. Бұл одақ нәсілдік қатынастарға алаңдаушылық білдіріп: «Осы одақтың акциясы нәтижесінде тек бір аптаның ішінде 30 университеттен 100-ден аса студент өз қауіпсіздігіне алаңдап, нәсілдік қатынас пен исламнан үркітуге ұшырағандарын айтты»,-деп мәлімдеді. ИИР Телерадио бірлестігінің Лондондағы тілшісі Мұджтаба Қасымзада бір репортажында: «Бұл күндері Батыста нәсілшіл топтардың жұмысы жанданып тұр. Және нәсілшілдіктің қайта кең таралуының белгілері айқын байқалады. Сарапшылар Батыс елдерінің оңшыл әсірешіл және нәсілшіл топтармен іс жүзінде күресу тәсіліне сын айтуда... Бүгінде жақтас БАҚ пен әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жиреніштен туындаған нәсілдік әрекеттердің өршуі Батыс елдерінің алаңдаушылығын арттыруда. Сарапшылардың айтуынша, Трамптың биілік басына келуі батыстық нәсілшілдікке жаңа серпіліс беріп, оларды біріктірді. АҚШ-тан Жаңа Зеландия мен Аустралияға дейін және Еуропада белең алды. Ұлыбританияда соңғы айларда полиция мен қауіпсіздік күштері әсірешіл лаңкестіктің таралғанын ескертті. Бұл елдегі нәсілдер теңдігі комиссиясының мәлімдеуінше, Ұлыбританияда жиреніш пен нәсілшілдіктен туындаған қылмыстар 23 пайызға артты»,-деді.
2017 жылы «Такс Шпигель» газеті Германияда қара нәсілділер Еуропаның басқа жерімен салыстырғанда көбірек қатігездікке ұшырап, көп мүмкіндіктерден мақрұм қалады. Бұл мәлімет Еуроодақтың адам құқығы агентігінің осы одаққа мүше 28 елдегі азшылық топтардың нәсілдік кемсітушілік жағдайы туралы тексерісі нәтижесінде алынды. Осы газеттің жазуынша, өткен 12 айдың ішінде Еуропада орташа есеппен алғанда тегі африкалық адамдардың төрттен бірі (24 пайыз) қатігез қатынас көрген, ал Германияда олардың үштен бірі (33 пайызы) осындай жағдайға шағым айтты.
Осы зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, Еуропадағы аз топтардың жағдайы соңғы онжылдықта өзгермеді. Бұрынғыдай Еуроодақтың барлық жерінде Солтүстік Африканың азаматтары ең көп кемсітушілікке ұшырайды. Кемсітушілік жұмысқа тұру, жұмыс істеу барысы және тұрғын үй алуда байқалады. Еуроодақтың адам құқығы агентігінің хабарлауынша, Еуропада нәсілдік кемсітушілікке қарсы заң қабылдап, теңсіздікке тыйым салу жеткіліксіз, өйткені бұл заң Еуропада 2000 жылы қабылданған.