Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы (4)
"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың төртінші эпизодының тақырыбы: Тәуелсіздік арманы. 1979 жылғы Ислам революциясы мен 1905 жылғы Машруте – конституциялық революция арасындағы байланысты осы арман тұрғысынан қарастыру.
Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың төртінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Өткен эпизодта конституциялық революцияға әкелген саяси-әлеуметтік оқиғаларды қарастыра отырып, одан кейінгі, әсіресе бірінші және екінші Пехлеви дәуіріндегі өрлеу мен құлдырау жайлы баяндап, мына мәселені атап өттік: Реза шах пен оның баласы Мұхаммед Реза шах Пехлевидің билігі кезінде 1905 жылғы Иранның машруте – конституциялық революциясының барлық идеалдары осы режим озбырлығының дөңгелегі астында жаншылды. Х.ш.ж.с.б. 1332 жылы 28 мордадта (1953 жылы) болған мемлекеттік төңкерістен кейінгі жылдарда Иранда саяси тирания орнап, заң әртүрлі жолмен бұзылғанымен қоса, Мұхаммед Реза шах режимі АҚШ-қа толығымен тәуелді болды. Сол себепті 1340-шы жылдардың (1960 жылы) бастапқы кезінде режимге қарсы халық наразылығының жаңа толқыны басталды. Имам Хомейни 1963-1979 жылдарда 15 жыл бойғы күрес барысында халықтың қолдауы арқасында, Мишель Фуконың айтуынша, "жалаң қолмен" режимді тізе бүктірді. Бұл кезде режим қай тұрғыдан алсаң да, күш-қуаттың биік шыңында болатын. Өткен эпизодта айтып өткеніміздей, имам Хомейни батыл және революциялық көзқарасты қолдана отырып, шах режимінің авторитарлық сипатын монархия принципімен байланыстырып, монархияны ыдыратып, Иранда республика құруды талап етті. Имам Хомейни бастаған Ислам революциясы билеушілердің озбырлығы мен езгісін жою талабында конституциялық революцияға ұқсас болды. Бірақ конституциялық революциядан айырмашылығы, ол монархия принципін қабылдамай, Иранда 2500 жылдық тарихы бар бұл саяси жүйені тоқтатты. Осы эпизодта тәуелсіздік арманына тоқталып, 1979 жылғы Ислам революциясы мен 1905 жылғы Машруте – конституциялық революция арасындағы байланысты осы арман тұрғысынан қарастырмақшымыз.
Көптеген тарихшылардың пайымдауынша, «шетелдік интервенцияларға реакция» және «тәуелсіздікке қол жеткізуге талпыныс» қазіргі заман тарихында Иранда болған саяси өзгерістердің маңызды себептерінің бірі болды. Бұл уәж негізсіз емес. Иранның қазіргі заман тарихындағы оқиғаларға шолу көрсеткендей, конституциялық революцияның негізгі себебі Батыстың Иран үкіметі мен қоғамына интеллектуалдық, мәдени және әскери тұрғыдан біртіндеп енуіне қарсылық болды. Орыстар Иранды екі соғыста жеңіп, оған "Гүлістан" мен "Түркіменчай" атты қорлыққа толы келісімдерді таңды. Осы екі масқара келісім негізінде Иран бірталай жерінен айырылып, ирандықтардың намысы тапталды. Оқиғаның екінші жағында орыстардың қарсыласы, 18 ғасырдан бері Парсы шығанағында орналасып, Үндістанда үстемдік құрған Англия Иранда ықпалын арттырып, Қаджарларды Гератты беруге мәжбүр етті және 1235 жылы есфандта (1857 ж.) Иран үкіметіне Париж келісімін таңды. Конституциялық революциядан елу жылдай бұрын болған бұл оқиғалар халықтың наразылығы мен ашу-ызасын тудырды. Ол кезде ирандықтар әлемдік екі держава – Ресей мен Англияны «Солтүстік және Оңтүстік көршілер» деп атаған. Сол кезден бастап Иран осы екі алпауыт держава мен әлемдік беделін кеңейтуді қалайтын басқа елдер арасындағы бәсекелестік орнына айналды. Шет елдердің елшілері, әсіресе Ресей мен Англияның елшілері көптеген шешімдерге, әсіресе қызметтен босату және тағайындауға тікелей араласқан. Бұл араласулар бірте-бірте халық арасында Ирандағы саяси шешімдердің екі жасырын субъектісі бар деген ойды қалыптастырды. Ресей мен Англияның елшілері бір-бірімен жарысып, барлық іске араласып, Иран халқының қалтасын қағатын. Кейбір жағдайларда олар ымыраға келіп отырған, ал Иран шахтарында олардың шешімдері мен бұйрықтарына бағынудан басқа амал қалмаған. Өйткені оларға қарсы тұру патша тағынан айырылу деген сөз.
Ресей мен Ұлыбритания Иранның ішкі шешімдеріне араласады деген қоғамдық пікір шындық еді. Өйткені жыл сайын қоғамдағы орны әлсіреп, экономикалық дағдарыстар күшейген кезде Иран үкіметі шетелдіктерге қол жайып, олардан қарыз немесе жеңілдіктер алу арқылы бюджетті толтыруға тырысатын. Мұндай әрекеттер үкіметтегі бюджет тапшылығының бір бөлігін жапқан, сонымен қатар сарай қызметкерлерінің ысырапшылдығына байланысты таңғаларлық шығындарды қамтамасыз еткен. Бірақ халықтың үкіметке наразылығы тереңдеп, шетелдіктерге күдік пен ашу-ызасы күшейді. Конституциялық революцияның жеңісінен он бес жыл бұрын бұл текетірестің алғашқы ұшқыны пайда болды. Осы жылы Иран үкіметі мен «Режи» атты ағылшын компаниясы арасында келісімшартқа қол қойылды. Соған сәйкес елу жыл ішінде темекіні Иранда сатып алу-сату және шетелге экспорттауға қатысты толық монополия осы компанияға беріледі. «Режи» сөзі темекі немесе тұз сияқты негізгі тауарды монополиялайтын мемлекеттік ұйымды білдіреді. Иранмен Режи келісіміне қол қойған Джералд Талбот ұйымы да осы себепті "Тобакко Режи" (Tobacco Regie) деп аталды. Бұл артықшылық халықтың, әсіресе, саудагерлер мен кәсіпкерлердің қарсылығын тудырып, нәтижесінде марқұм Мырза Ширазидың тарихи пәтуасы шығарылды. Соған сәйкес темекі (тутун мен танбоку) тарту имам Заманға қарсы күреспен бірдей деп жарияланды, ақыры келісімшарт бұзылды. Бұл текетірес халықтың билікке қарсылығы ғана емес, керісінше осы артықшылықпен Иран экономикасын қолға алуды көздеген ағылшындарға қарсылық болды. Рейтер артықшылығы да Мирза Хұсейн Хан Сепахсалар басшылығы кезінде қарастырылған артықшылықтардың бірі болды. Осы келісімге сәйкес, ағылшын азаматы барон Юлиус де Рейтер (Baron Julius de Reuter) темір жол салудың есесіне Иранның кеніштерін барлауға, өндіруге және пайдалануға рұқсат алды. Бірақ бұл келісім де халықтың қарсылығына ұшырап, нәтиже бермеді. Бұл келісімшарттың жойылу себебін түсіндіргенде ағылшындардың ішкі іске араласып, артықшылық алуына халықтың ашуын тудыру үшін орыстардың арандатуларының тиімді болғанын айту керек. Ағылшындармен бәсекелестікке байланысты орыстар бұл келісімге халықтың қарсылығын тудыруға бар күшін салды.
Қорыта айтқанда, Қаджарлар тұсында Ресей мен Англия елшілері Иран үкіметінің саяси шешімдеріне кең әрі ашық түрде араласқаны сонша, «шетелдіктерге қарсылық» әсіресе конституциялық революцияда халықтың үкіметке қарсы наразылықтарының маңызды өзектерінің біріне айналды.
Иран үкіметінің шешім қабылдауына шетелдіктердің араласуына қарсы тұру, басқаша айтқанда толық саяси тәуелсіздік алу конституциялық революция идеалдарының бірі болды. Бірақ 1905 жылы конституциялық революция жеңіске жеткеннен кейін де бұл интервенциялар тоқтатылмады. Ағылшындарға қарағанда конституциялық революцияны жақтырмай, конституцияға да және конституцияшылдарға да әу бастан қарсылығын білдірген орыстар тыныш отырмады. Олар Ұлттық кеңестің ғимаратын зеңбірекпен атқылады. Олар "кіші озбырлық" аяқталғаннан соң, яғни конституцияшылдар билікке қайта қол жеткізгеннен кейін тақтан тайдырылған Мұхаммедәли шахты қолдап, конституцияшылдарға қарсы позиция ұстанды. Иран үкіметі америкалық Морган Шустерді (Morgan Shuster) қаржылық істер мен кеден ісін ұйымдастыру үшін жалдаған кезде де олар қарсылық білдірді. Орыстар Иран үкіметіне Шустерді елден шығару туралы ультиматум қойды. Екінші парламентті жабуды талап етті, тіпті үкіметке қысым көрсету үшін Иран жерін басып алды. Басында конституцияшылдар мен конституциялық революция идеалдарын қолдаған Ұлыбритания үкіметі біраз уақыттан кейін орыстарға қосылды. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін олар өзара жауласуды қойып, ортақ жау Германия мен Италияға қарсы тұру мақсатымен бірігіп кетті. Бұл акцияның құны Иран халқының қалтасынан төленді. Түптеп келгенде конституциялық арман-мақсаттар мен жалпы Иранның мүдделері орыс-британ одағының құрбанына айналды. Конституциялық революцияның жеңілуі Реза ханның билікке келуіне қажетті жағдай жасады. Ол ағылшындардың көмегімен елдегі саяси билікті басып алып, Қаджарлар әулетін құлатты. Реза шах британдықтардың қолдауымен билікке келгенімен, Германияда фашистер билікке келгенде Гитлерге мойын бұрып кетті. Бұл кезде Иран халқы мен әлем Гитлер мен фашистерді жек көретін. Осы қате саясат Англия мен Кеңес одағының тағы да Иранның ішкі ісіне араласуына себеп болды. Олар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтас болып біріккен еді. Реза шах немістерді Иранның ішкі ісіне араласқызбау және Германияның ықпалын тоқтату туралы ультиматумға құлақ аспағаннан кейін Англия мен Кеңес одағы оны тақтан түсірді.
Екінші дүниежүзілік соғыста Иранды одақтастар басып алды. Реза шах биліктен кетіп, Англия мен Кеңес Одағының қолдауымен оның ұлы Мұхаммед Реза билікке келді. Олар Иран жерін басып алып, елдің үлкенді-кішілі мәселелерінің бәріне араласты. Соғыс аяқталса да және бұрын қабылдаған міндеттемелеріне қарамастан, кеңес әскерлері Иран жерінен шықпады. Олар Иранның солтүстігінде мұнай концессиясын алуды көздеді. Британдықтар да Каджар дәуірінен бастап Иранның оңтүстігінде мұнай концессиясына қол жеткізіп, Реза шах дәуірінде келісімшартты 60 жылға ұзартқан болатын. Осындай жағдайда 1320 жылдардың аяғында Иранда шетелдіктердің, әсіресе ағылшындардың қолын қысқарту үшін мұнай өнеркәсібін мемлекеттендіру қозғалысы басталды. Қозғалысты Моссадықтың халықтық үкіметі басқарды. Бірақ жақты жетістіктерге қарамастан, ол Ұлыбритания мен АҚШ-тың бірлескен төңкерісі салдарынан қызметтен кетті. Осы уақыттан бастап америкалықтар біртіндеп Ирандағы екі державаның (Англия мен Кеңес одағы) орнын алмастырды. Иран америкалықтардың артқы ауласына айналды. Америкалықтар шахқа оның билігі мен монархиясын халықтың наразылығы мен Кеңес Одағының араласуынан сақтауға кепілдік берді. Шах та Кеңес одағының ықпалынан құтылу үшін өзін АҚШ-тың стратегиялық одақтасы санады. Ол америкалық бағдарламаларды орындаушы болды. Никсонның президенттігі кезінде шах аймақтың жандармына айналды. Иран-АҚШ қарым-қатынасының нығаюы және АҚШ-тың Ирандағы барлық саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселелеріне үстемдігінің артуы халық арасында наразылық толқынын күшейтті.
Бұл арада 1330 (1951) жылы билікке келген Моссадықтың халықтық үкіметі Иранның саясаты мен экономикасынан ағылшындардың қолын қысқартуды көздеді және де отарсыздандыру мен тәуелсіздік алуға бағытталған жаһандық толқынды пайдаланып, сыртқы саясаттың үлгісі ретінде "Шығыс та, Батыс та емес" деген ұранды көтерді. Бірақ 1332 жылғы 28 мордадта (1953 жылы тамызда) болған мемлекеттік төңкеріс оның бұл саясатты жүргізуіне мүмкіндік бермеді. Алайда осы саясат пен ұран іс жүзінде көптеген елдердің екі алпауыт держава Кеңес Одағы мен АҚШ-қа қосылмау қозғалысының жаһандық толқынына айналды. Осылайша БҰҰ-да Қосылмау қозғалысы пайда болды. 1350-ші жылдары (1970-ші жылдары) Иран мен АҚШ қарым-қатынасы ең жоғары деңгейге жеткен кезде имам Хомейни халық наразылықтарының тізгінін қолына алып, Ислам революциясын жеңіске жеткізді. Бұл революция ішкі тиранияны жоққа шығарумен қатар, кез келген шетелдік интервенцияға қарсы елеулі позиция ұстанды. Имам Хомейни "Шығыс та емес, Батыс та емес" ұранын жүзеге асыра алды. Ол шахтың озбырлығын доғарып қана қоймай, Иранға шетелдік интервенцияларды да тоқтатты. Ол 1343 (1964) жылы анық айтты: "АҚШ Англиядан жаман, Англия АҚШ-тан жаман. Кеңес Одағы бұл екеуінен де нашар. Бәрі бір-бірінен нашар, бәрі бір-бірінен өткен сұрқия". Ол елдің тәуелсіз болуы, халықтың ішкі істері мен тағдырына жат жұрттың араласпауы керектігін сөзімен ғана емес, іс-әрекетімен де көрсетті. Ол конституциялық революцияда орындалмаған саяси тәуелсіздік пен шетелдік араласуды доғару идеалын орындады. Ол екіполюсті жүйенің шарықтау шегінде де екі алпауыт державаның ешқайсысына берілмеуге болатынын, биліктің халыққа арқа сүйеуі арқылы аяққа тұра алатынын және тұруға тиіс екенін дәлелдеді.
«Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы» атты подкастымыздың төртінші эпизоды аяқталды. Келесі эпизодта біз сіздерге әлеуметтік әділеттік арманы және оның конституциялық революция және Ислам революциясымен байланысы туралы баяндайтын боламыз.