Maм 17, 2016 19:29 Asia/Almaty
  • Иранның қазіргі заман кинематографиясы

Иран кинематографиясының әртүрлі мәселелер мен тақырыптарын талқылағаннан кейін енді бірнеше бағдарлама барысында Иран кинематографиясының әдебиет және өнердің басқа салаларымен байланысы жайлы сөз қозғаймыз.

Өздеріңіз білетіндей, кинематографияның ғұмыры басқа өнер түрлерімен салыстырғанда қысқарақ, бірақ бұған қарамастан, бұл жас өнер басқа өнер түрлерінен асып түсіп өзінің көрерменге тигізетін ықпалының арқасында үлкен табысқа жетіп отыр. Осы жолда өнердің басқа түрлері де кинематографияға көмекке келіп, жаңа өнерді нығайтты.

Кинематография пайда болған кезден бастап әдеби шығарманы интерпретациялау бұл өнерде ерекше орынға ие. Үздік әдеби туындылардан алынған сюжет фильм түсірушілер үшін үнемі салыстырмалы түрде сәттіліктің кепілі болып табылады. Әйтсе де әдеби сюжеттерді пайдалану кинематографияның әралуандығының нышаны болғынмен фильмді көргеннен кейін "Кітап қызықтырақ болатын. Фильм оның әсеріне жетпейді" деген сөздер жиі кездеседі. Бұл жағдайда кинематография ешқашан әдебиеттің нақтылығы мен нәзіктігіне жетпейді дегенді қабылдауға болады. Тек сөздердің ғана ойлар мен сезімдердің құдіретін жеткізіп, оқушының қиялына қозғау салуға қабілеті жетеді. Бірақ кинематография қазіргі заманғы технологиялар мен шеберліктерді пайдалану арқылы көрерменге сөзбен айтып жеткізе алмайтын бейнелерді көрсете алады деген дәлелді де қабылдауға болады. Қазіргі заманғы кинематография өнерінің көптеген қабілеті, тіпті дене мен бет арқылы ішкі жан дүние мен сезімдерді, көңіл-күйлерді бейнелей алуы кинематографияның басқа өнер түрлерінен артықтығын көрсетеді.

Бірақ қалай болғанда да, кинематография әдебиетпен тығыз байланысты. Әлем бойынша танымал әрі көрермені көп фильмдердің жартысы дерлік әдеби шығарма негізінде жазылған сценарийлер бойынша түсірілген. Олардың арасынан «Жел әкеткен» (Унесенные ветром), "Өгей әке", "Тордан қашқан жынды", "Гамлет", "Соғыс пен бейбітшілік" сияқты фильмдерді атауға болады.

Сонымен қатар осы салада үздік болған жазушыларды да атай аламыз. Олар роман жазу бойынша әлемде танымал болумен қатар, режиссерлердің назарларының көбін өздеріне аударды. Мысалы, Уильям Шекспир, Федор Достоевский, Чарльз Диккенс пен Александр Дюма. Мұнымен қоса, Антон Чехов, Мольер, Генрик Ибсен, Тенниси Уильям мен ондаған драмматургтың пьесаларын атауға болады. Бұл пьесалар сценарийлерге айналдырылып, соның нәтижесінде атақты әрі құнды фильмдер түсірілді.

Статистикалық есептеулер бойынша, кейде бірнеше фильм бір әдеби туынды негізінде түсіріліп, әртүрлі тарихи дәуірлерде оған әрқилы көзқарас көрсетіледі. Мысалы, Уильям Шекспирдің "Король Лир" пьесасы бойынша әлемнің әртүрлі елінде ондаған фильм түсірілгенімен олардың барлығының бір-бірінен айырмашылығы бар. Олардың әрқайсысы бұл пьесаны белгілі бір қырдан қарастырып, оған жаңа интерпретация жасаған.

Иран кинематографиясы әу бастан әдеби туындыларды пайдалануға бет бұрып, өзінің әдебиетпен әріптестігін нығайта түсті. Бұл байланыс күшейіп немесе әлсіреп отырғанымен көзтартарлық жарқын үлгілерге ие болғандықтан көрнекті әдеби туындылардың таңдалынып алынғанын, әдебиет пен кинематографияны қатар меңгерген қабілетті режиссерлердің жұмыс істегендіктерін көрсетеді.

Иранның алғашқы дыбысты фильмінің режиссері Абдулхосейн Сепанта әдеби туындыға жүгінген алғашқы режиссер де болды. Ол х.ш.ж.с.б. 1314 жылы (1935 жылы) "Шырын мен Фархад" фильмін түсірді. Фильмнің сюжеті Фархад есімді жігіттің Шырын атты ханшайымға ғашықтығы, оның Шырынға жету үшін үлкен қиындықтарды бастан кешкені жайында. Бұл сюжет парсытілдес шайыр Ганжелік Низамидің поэмасынан алынған. Аталмыш туынды парсы әдебиетінде өте көрнекті орынға ие. Сепанта "Шырын мен Фархад" фильмін түсірумен қоса, өзі Фархадтың рөлінде ойнаған.

Ол осы фильм экрандалғаннан екі жыл өткен соң Ганжелік Низамидің тағы бір поэмасын негізге алып, "Ләйлі мен Мәжнүн" фильмін түсірді. Ол осы фильмде Ләйлі мен Мәжнүн есімді екі кейіпкердің ғашықтығы, олардың бір-бірінен қашықта болуынан туындаған қайғы-қасірет тақырыбын баяндап, өте аянышты, бірақ салтанатты әрі қаржы жағынан шығыны үлкен фильм түсірді.

Осы туындылардан кейін ирандық режиссерлер біртіндеп романдар мен повестер негізінде фильм түсіруге бет бұрды. Осы жолда әлем әдебиетінің әйгілі әдеби туындылары негізінде түсірілген некен-саяқ фильм болды. Жалпы алғанда х.ш.ж.с.б. 1309 жылдан 1389 жылдың аяғына дейін (1930-2010 жылдар) 3 мыңнан астам фильм түсірілген. Бұл фильмдердің 1,5 пайызының тақырыбында (шамамен 50 тақырыпта) шетелдік әдеби туындының аты негіз ретінде аталған. Осы статистика ирандық фильмдердің сюжетін қамтамасыз ету үшін шетелдік әдеби туындыларды пайдаланудың Иранда таралған ең соңғы тәсіл болғанын анық көрсетеді.

Ислам революциясына дейінгі жылдары Уильям Шекспир, Андре Моруа, Александр Дюма, Марк Твен, Дафна дю Морье, Федор Достоевскийдің шығармалары Иранның сценаристері тарапынан көбірек қолдауға ие болды.

1979 жылы Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін кинематография әлеміне режиссерлердің жаңа буынының келуімен әдебиетке деген көзқарас аздап өзгерді. Олар үшін алғашқы тақырып та табиғи түрде қоғамның төменгі табына жасалған зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа назар аудару, құлатылған режимнің шынайы келбетін әшкерелеу болды. Сондықтан алғашқы фильмдер осы мазмұнда түсірілді, әлемнің наразы әдебиеті режиссерлердің назарына ілікті.

Джон Стейнбек пен Антонис Самаракистың әдеби туындылары «Дауыл толқыны» мен «Әлсіз нүкте» фильмдері сияқты алғашқы үлгілердің пайда болуына себеп болды. Олардың әрқайсысы бұрынғы режимнің зұлымдық қарым-қатынасының бір қырына тоқталған.

Ирандық ұстаз әрі сыншы доктор Хосейн Паянденің айтуынша, әдеби туындыны негізге алу егер фильм мәтіндегі белгілерді таспа бетіне түсіре алса, шын мәнінде оны бейнеге аудара алса ғана сәтті болмақ. Осы ұстаздың келтірген дәлелдерінің біріне Насер Тақваи түсірген «Капитан Хуршид» атты фильм жатады. Оның сценарийі Эрнест Хемингуэйдің «Иелену және иеленбеу» атты романынан алынды.

Тақваи шын мәнінде «Иелену және иеленбеу» атты романды Иранға қайтарды. Фильмнің негізгі кейіпкері капитанды осы географиямен сәйкестендіріп, 28 жылдан кейін осы күнге дейін оның туындысы осы салада көрнекті үлгі болып саналады.

"Иелену және иеленбеу" атты роман моторлы қайықпен Флорида мен Гавана арасында контрабандамен айналысатын адам туралы. Ол өзінің қайығын бай америкалық демалушыларға да жалға беріп, оларды теңіз ортасына балық аулауға апарады. Бір күні солардың бірі қайықтың ақшасын төлеместен, оны тастап кетеді. Ер адам өзінің қайтып оралу қаржысын шығару үшін бір топқа АҚШ-тың жағалауына жеткіземін деп уәде беріп алдап, өзінің ақшасын шығарып алады. Содан соң кеден қызметкерлерімен қақтығыста қолынан айырылып, соңында жолаушылардың бір-бірімен қақтығысы барысында қаза табады.

Тақваидің кейіпкерлер, жергілікті ерекшеліктер мен Иранның оңтүстік аймағының географиясын жақсы, нақты білуі және сценарий жазу қабілеті, ойластырылған режиссура, әртістердің қабылдауға тұрарлық ойындары «Капитан Хуршид» атты фильмнің кинотеатрдың байсалды көрермендері арасында сәттілікке ие болуына себеп болды.

Бұл фильмде романның жалпы рухына деген беріктік сақталып, романның элементттері мен кеңістігі Иранның оңтүстіктегі кеңістігімен, ондағы халықтың әртүрлі топтарының өмірімен сәйкестендірілген. Романды оқып, «Капитан Хуршид» атты фильмді көрген адамдардың көбінің пікірі бойынша фильмнің жалпы кеңістігі Хемингуэйдің романын оқыған кездегі сезімдерге жақын. Мұның бір дәлелі романнан фильмге жол тартқан кейіпкерлердің көбісі сәйкес әрі сенім тудыратын жергілікті баламаларды таба білген.

 

Тегтер