Иранның қазіргі заман кинематографиясы
Бір елде кинематографияның құнды болуы тек ондағы фильмдердің сапалы болуымен ғана шектелмейтінін, сонымен қатар жақсы кинематографияның көрерменмен жақсы қатынас орнатуды қажет ететінін білеміз.
Кинотеатр көрермені көптеген көрсеткіштер бойынша топтастырылады. Олардың әрқайсысы өзінің қызығушылығы мен қажеттіліктеріне байланысты фильмдердің ерекше бір түрін таңдайды. Бірақ бұлардың арасында киносыншылар мен жазушылар фильм түсірушілер мен көрермендердің арасын байланыстырушы буын болып табылады. Сондықтан түсірілген фильмдер мен олардың түсірілу үдерісін сынау арқылы бір жағынан фильм түсірушілерге көмектеседі, екінші жағынан көрермендерді фильмдердің ашық та жасырын қатпарларымен таныстырып, лардың мағлұматтарын арттырады.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі кинематография саласындағы жазушылар фильмдердің ең алғашқы көрермендері болып табылады. Дәл солар кинематография саласындағы білімдерінің кеңдігі және қоғам, халық пен режиссерлерге қатысты танымдарына байланысты көркем фильмдерді талдап, баспа беттері, бейне және дыбыстық арналар, ғаламторлық кеңістіктер арқылы олар жайлы ақпарат таратады.
Ирандағы алғашқы кинематографиялық басылым х.ш.ж.с.б. 1309 жылы (1930 жылы) "Кино және қойылымдар" деген атпен басылып шықты. Онда мәдениет пен сауда бірдей деңгейде қарастырылған. Кинотеатрлардың жарнамалары, халықты кинотеатрларға тарту бұл басылымның көп беттерін толтырған. Содан кейін басқа да кинематографиялық басылымдар баспа базарына жол тарты. Бұл басылымдар сол замандағы кинематографиялық жағдайды назарға ала отырып, әртүрлі тенденцияларды алға қойған болатын. Мысалы, одақтастардың қолына түсіп, батыстықтар әртүрлі саяси салаларға ашықтан-ашық араласа бастаған х.ш.ж.с.б. 1320 жылдан (1941 жылы) кейін Батыс фильмдері де Иранның кинотеатрларында экрандала бастады. Сондықтан сол заманда Теһранда "Голливуд" атты газет басылып шықты. Ондағы тақырыптардың көп бөлігі Батыс кинематографиясы мен Голливудтың жұлдыздарына арналды.
Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін Иранда көптеген кинематографиялық басылымдар, газет-журналдар шығып тұрды. Оларға шолу жасау арқылы сол замандағы кинематография жағдайының айқын бейнесін көруге болады. Сондай-ақ, олар сол замандағы Иран қоғамын тануға көмектеседі. Аталмыш кезеңдегі кинематографиялық газет-журналдар бірнеше топқа бөлінеді: бірінші топта тек фильмдер жарнамаланып, кинотеатрлардағы билет сатылымын арттыруға коммерциялық талпыныстар жасалды. Иран халқының мәдениетіне ешбір қатысы жоқ және көркемдік ерекшеліктен жұрдай әлсіз фильмдер осы басылымдар мен теледидардағы жарнамалар арқылы қоғамда талқыланатын болған.
Басқа жағында ағартушылық деп аталатын кинематографияға ерекше көңіл аударған, көрермендері шектеулі кейбір көркем фильмдерді талдайтын тағы бір басылым болды. Бұл басылым да сол замандағы Батыс кинематографиясына аздап көңіл аударып, Батыс жазбаларынан үлгі алып, көркем фильмдерді сынаумен айналысты. Олардың екеуінің де нәтижесі шамамен бірдей болған, яғни халық пен жергілікті мәдениеттен алшақ, Иранның мәдениетімен мүлде сәйкеспейтін сырттан келген мәдениетті жарнамалайтын.
Ислам революциясынан кейінгі Иран кинематографиясы таза ауада еркін тыныс алып, даму мен гүлденуді бастан өткерді. Кинематографиялық газет-журналдар да бұдан шетқары қалмады. 60 жылдары Иранның жаңа кинематографиялық сынының қажеттілігі негізінде кинематографиялық газет-журналдар біртіндеп, басылымдар айналымына енді. Ислам революциясынан кейінгі алғашқы кинематографиялық басылым – "Фильм" атты айына бір рет шығатын журнал. Ол х.ш.ж.с.б. 1361 жылдан бастап (1982 жылы) үздіксіз басылып, осы уақытқа дейін өз жұмысын жалғастырып келеді. "Фильм" журналы – шын мәнінде Иран кинематографиясының ең ескі басылымы. Онда Иран мен әлем кинематографиясының жаңалықтары айтылып, фильмдері таныстырылып, Иран мен әлемнің жаңа фильмдері талқыланып, Иран киногерлері мен кейбір әлем киногерлерімен сұхбаттар беріліп, әлем кинематографиясында танымал сыншылардың Иран мен әлемнің жаңа фильмдеріне қатысты сындары аударылады. Сонымен қатар, теориялық тақырыптар мен кинематография тарихы жайындағы мақалалар, әрбір маусымның маңызды фильмдері туралы сараптамалар, маңызды кинофестивальдер туралы арнайы бағдарламалар, жыл сайынғы арнайы сандар осы кинематографиялық басылымның белсенділіктерінің қатарын құрайды.
Мұнымен қоса, "Фильм" журналының қызметкерлері Иран кинематографиясының әлемдік оқырмандарын назарға ала отырып, 20 жыл бұрын "Film-international" атты ағылшын тіліндегі маусымдық журналды басып шығара бастады. Онда Иран кинематографиясы жөнінде ағылшын тілінде жаңалықтар мен мақалалар басылып шығады. Бұл маусымдық журнал Иран кинематографиясы жайындағы ағылшын тіліндегі жалғыз басылым болып табылады. Бұл журналды мына сайттан www.film-international.com оқып, таныса аласыздар.
"Фильм" журналында тұлғалар мен жаңалықтар сияқты бөлімдер бар. Онда Иран кинематографиясына қатысты ең жаңа жаңалықтар мен мағлұматтар басылып тұрады. Мұнымен қоса, оның қызметкерлері әйгілі ирандық фильмдерді шетелдік сатып алушыларға таныстырады.
Иран кинематографиясына қатысты басылымдардың қатарында "Киноға шолу", "Бейне әлемі", "24" және "Киноиндустрия" атты ай сайын шығатын журналдарды атауға болады. Бұл журналдар Иран мен әлем кинематографиясының белгілі бір саласында жұмыс істейтіндіктен олардың өзіндік оқырмандары бар. Иранда бірнеше апталық журналдар мен "Фильмнің негізін қалаушы" атты мамандандырылған газеттің шығуы бұл белсенділіктердің баспагерлер мен осы басылымдарға қызығатын адамдар үшін маңыздылығын көрсетеді. "Фильмнің негізін қалаушы" атты газет х.ш.ж.с.б. 1382 жылдан (2003 жылы) бастап теледидар мен театрды қамтитын кинематографияға қатысты тақырыптар басылып шығатын Иранның алғашқы кинематографиялық газеті болып табылады. Көптеген кинематографиялық басылымдарда оқырмандардың Иран мен әлем кинематографиясының жағдайы, фильмдері жайлы түсініктерінің артуына және жақсы фильмдерді таңдаудың критерийлерін анықтауға талпыныс жасалғанын айта кету қажет.
Жалпы алғанда Иран кинематографиясына мамандандырылған басылымдардың саны ай сайынғы, апталық журналдар мен газеттерді қосқанда 15-ке жетеді. Шамамен осынша газет-журнал басылып шығуға рұқсат алу үшін рәсімделуден өтуде.
Сондай-ақ, бұл басылымдармен қоса, кинематография саласында жұмыс істейтін ондаған сайт пен мамандандырылған агенттікті де атауға болады. Олар да Иран кинематографиясына қатысты тақырыптар мен фильмдерге қатысты сындарды басып шығарады. Олардың Иран мен әлем бойынша көптеген оқырмандары бар.
Ирандағы киносыншылар мен жазушылар санының көптігі осы адамдардың "Кинематография сыншылары мен жазушыларының одағы" деп аталған кәсіподақ құруына себеп болды. Олар осы одақ арқылы өздерінің кәсіподақтық талап-тілектерін орындатады. Бұл кәсіподақ жиырма жыл бұрын құрылды. Оған басқа басылымдар мен ақпараттық құралдардың сыншылары мен жазушыларының көбі мүше болып табылады. Бұл одақ қызметтерінің біріне жыл сайын Иран кинематографиясының ең үздік туындыларын таңдау жатады. Бұл адамдар мамандандырылған көзқараспен жыл бойы түсірілген туындыларды қарап, оларды талдап, бір рәсім барысында өздері таңдаған туындыларды таныстырады. Иран кинематографиясы сыншыларының фестивалінде кинематографиялық жүлделермен қоса, басқа фестивальдер азырақ көңіл бөлетін ерекше жайттарға назар аударылады. Мысалы, одақтың қазылар алқасы жыл сайын жаңа дарындарды анықтап, таныстырып, оларға қолдау көрсетеді. Иран киногерлері көбінесе сыншылар тарапынан таңдалу және ынталандырылудың өздерінің мақтаныштарының бірі болып саналатындығын және оны қуанышпен еске алатындықтарын айтады.