Maм 26, 2016 14:10 Asia/Almaty

Солтүстік Хорасан облысы – ИИР үкіметінің х.ш.ж.с.б. 1383 жылы (2004 жылы) Хорасан облысын үшке бөлгенінен пайда болған Иранның облыстарының бірі. 8 ауданнан тұратын бұл облыстың аумағы шамамен 28000 шаршы шақырым. Облыс орталығы – Боджнурд қаласы.

Солтүстік Хорасан облысы солтүстікте Түркіменстанмен, шығыс пен (Джаджарм) оңтүстікте Хорасан-е Разави облысымен, оңтүстік-батыста Семнан облысымен, батыста Гүлістан облысымен шектесіп жатыр. Сондықтан да бұл облыс Хорасан-е Разави және Оңтүстік Хорасан облысымен ортақ тарихқа ие. Оның тарихы орта тас дәуірінен Джаджарм аймағында ариялық тайпалар, яғни парттардың мекендеген жерінен басталады. Хорасан Ахеменидтер дәуірінде сатраптардың бірі болған. Ашканилер заманында бұл жер маңызды қалалардың бірі саналған. Тарих бойында әртүрлі тайпалардың жүріп өткен жері, моңғолдар мен түріктердің, соның ішінде өзбектер, түркімендер мен татарлардың билік құрған жері болған. 

Сасанилер заманында Солтүстік Хорасан облысы «Падгусбан» есімді әскербасы тарапынан басқарылған. Хорасанның 4 бөлігін басқару үшін 4 шекарашы осы әскербасының қарамағында болған. Х.қ.ж.с.б. 31 жылы арабтар Хорасанға басып кірді. Сол кезде Хорасанның тұрғындары Ислам дініне бет бұрды. Хорасан жері х.қ.ж.с.б. 205 жылы Бани Аббас әулетінің қол астында болды. Хорасан Ислам дәуірінде 4-ке бөлінген. Оның әрқайсысы 4 үлкен қала – Нишапур, Мерв, Герат және Балхтың атымен аталған.

Бұл аймақ х.қ.ж.с.б. 283 жылы Тахерилер тарапынан азат етілді. Сол кезден бастап саманилер, ғазнавилер, хорезмшахтықтардың арасында қолдан қолға өтіп, х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда моңғолдардың шапқыншылығы салдарынан Хорасан моңғолдық илханилердің жаулап алған жерлерінің құрамына кірді. Иран Қаджарлар дәуірінде ағылшындардың араласушылығы және қолдауымен х.қ.ж.с.б. 1273 жылы «Париж келісіміне» қол қойып, Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауға міндеттеме алды. Осы кезеңде Хорасан шығыс және батыс болып екіге бөлінді. Шығыс бөлігі Ауғанстанда Англияның қолдауында болды, ал батыс бөлігі Иранда қалды.

Солтүстік Хорасан облысы – құнарлы алқаптары бар таулы жер. Оның теңіз деңгейінен биіктігі 1326 метр. Бұл облыс солтүстікте Копедаг таулы сілемінің, оңтүстікте Аладаг пен Шахжаһан таулы сілемдерінің арасында орналасқан. Облыстың ең биік нүктесі – Аладаг тау сілеміндегі «Шахжаһан» шыңы. Оның биіктігі 3051 м. Ең төменгі нүктесі Атрак өзенінің шығаберіс бөлігіндегі «Тазайаб» ауылында орналасқан. Оның теңіз деңгейінен биіктігі – 400 метр.

Солтүстік Хорасан облысында таулар, ормандар, шалғынды жерлер мен көптеген су көздерінің болуына байланысты климаттық әралуандық қатты байқалады. Бұл облыстың әртүрлі аудандарында ауа райы әралуан. Сол себепті Аладаг пен Копедагтың биік жерлерінде ауа райы суық. Мане, Самалкан мен облыстың оңтүстік бөліктерінен таулы қоңыржай, жартылай шөлді және тау етегіне тән ауа райын көруге болады. Жалпы Солтүстік Хорасан облысы таулы қоңыржай ауа райына ие.

Атрак өзені – облыстағы жалғыз тұрақты өзен. Әртүрлі бұлақтар, Атрак өзенінің тармақтары, Эсферайен, Ширван, Мане мен Самалкандағы 4 су бөгеті облысты қажетті сумен қамтамасыз етеді.

Солтүстік Хорасан облысының географиялық жағдайы мен әралуан климаттық жағдайы осы аймақтың тұрғындарына егін және мал шаруашылығы үшін қолайлы жағдай тудырды. Атрак тұрақты өзені, бұлақтар, көптеген су көздерінің болуы егін және мал шаруашылығының қарқынды дамуына әсер еткен факторлардың қатарына жатады.

Дәстүрлі және жартылай дәстүрлі түрдегі егін шаруашылығы облыстың ең негізгі экономикалық белсенділіктерінің бірі болып саналады. Егін шаруашылығы өнімдері ретінде мақта, бидай, арпа, зире, бұршақ тұқымдастарды, көкөністер мен өнеркәсіптік өсімдіктерді, мал жемін, ал бау-бақша өнімдерінен өрік, шие, жүзім мен алманы атауға болады.

Шөбі шүйгін жайылым жерлердің болуына байланысты бұл аймақта мал шаруашылығы ерекше дамыған. Тұрақты және жартылай көшпелі мал шаруашылығы тән. Әрине, мал шаруашылығымен қоса, омарта шаруашылығы, жібек құртын өсіру де кең таралған.

Бұл облыс тұрғындарының белсенділігі егін және мал шаруашылығымен шектелмейді. Өнеркәсіп кешендері, соның ішінде мұнай-химия кешені, цемент зауыты, Боджнурд пластикалық заттар зауыттары, Эсферайен құрыш өндіру зауыты, Джаджарм аллюминий зауыты, электр стансасы, қант зауыты, Ширванның жіп иіру фабрикасы, көптеген мақта тазалау фабрикалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және құрылыс материалдарын шығару зауыттарының болуы бұл облыс тұрғындарының өміріне айтарлықтай әсер етті. Солтүстік Хорасан облысында қолөнер кәсібінің де жақсы дамығандығын біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл облыстың қолөнерін қалы кілем, джаджим мен тықыр кілемдер құрайды.

Солтүстік Хорасанның басты ерекшелігі – ұлттық құрамының әртүрлілігі мен мәдениетінің әралуандығы. Иранның бұл бөлігі бағзы замандарда Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрған жалғыз жол болған. Облыстың оңтүстігінен Ұлы Жібек жолының өтуі бұл аймаққа әртүрлі ұлттардың енуіне себеп болды. Қазір Солтүстік Хорасан облысының халқы әртүрлі тілдер мен диалектілерде сөйлейді. Сол себепті Солтүстік Хорасан облысында өмір сүретін ұлттарды көбіне күрмандж күрдтері, түріктер, түркімендер, бәлучтер, «тат» деп те аталатын парсылар құрайды деп айтуға болады. Солтүстік Хорасан облысының жергілікті тұрғындары қолданатын парсы тілінің жергілікті диалектісі «тат» деп аталады. Түрік тілдес гераили халқы мен күрдтердің бір тармағы саналатын күрмандж халқы Исмаил шах пен Аббас шахтың кезінде Иранның батысынан Хорасанға қоныс аударғанынан кейін күрмандж және түрік тілі осы аймақта қолданысқа енді. Тілдік айырмашылық сияқты жергілікті халықтың діні мен мәдениетінде де өзгешелік байқалады. Сондықтан Солтүстік Хорасан облысы Хорасан жерінің өте кішкене бөлігі болса да, табиғи және мәдени әралуандық тұрығысынан бай аймаққа айналған.

Солтүстік Хорасан облысының қолөнері күрд, түрік, түркімен, тат, бәлуч азшылығының қолөнері ретінде ерекшелікке ие. Бұл бірегей ерекшелік осы аймақтың қолөнер бұйымдарын оның ең көп сатып алынатын сәлем-сауқаттың түріне айналдырды.

Жап-жасыл тың жайылымдардың болуы мен мал шаруашылығының қарқынды дамуы арзан шикізаттарға, соның ішінде жүн, жіп, тері және тағы басқа заттарға қолжетімділікті тудырып, түс пен жоба тұрғысынан әралуан әрі айшықты тоқымалардың жасалауына себеп болды.

Осы аймақтың наным-сенімдерінен бастау алған өнерпаздарының қиялынан шыққан нақыштары, табиғат пен күнделікті өмірден алынған жобалар символикалық түрде қолданылып, олардың қолөнер түрлерінде, соның ішінде тықыр кілем, күрд дастарханы, қалы кілем, кілемше мен түркімендердің кілемдерінен көрініс тапты.

Күрд киімі, түркіменнің жергілікті киімі, дәстүрлі кесте тігу, дәстүрлі әшекей бұйымдарын жасау Солтүстік Хорасан облысында түрлі ұлттар тарапынан әралуан тәсілмен дайындалатын қолөнер түрлеріне жатады.

Солтүстік Хорасан облысында таралған өнердің тағы бір түрі – чаруқдузи. Бұл әдетте қызыл түсті былғарыдан жасалатын ерекше аяқ киім тігу өнері. Аяқ киім ұзын қалың жіппен аяқтың жіліншігіне мықтап байланады.

Бұл өнер Боджнурд, Қучан мен Хорасан-е Разави облысындағы Даргез аудандарында кең таралған. Аяқ киімнің басы қайырылып келеді, оның беті түрлі түсті жіптермен безендіріледі.

Алаша тоқу – Солтүстік Хорасан облысындағы тағы бір өнер түрі. Ол ежелден бері жердің ылғалдығы, ыстығы мен суығынан сақтану үшін қолайлы төсеніш ретінде қолданылған тықыр кілемнің бір түрі. Сондықтан Солтүстік Хорасанның ылғалды жерлерінде өмір сүретін көшпелі халықтың шатырлары мен ауылдағы үйлерде жерге төселеді. Иранның басқа жерлерінен де осындай алашаны көруге болады. Солтүстік Хорасан облысында алаша тоқыманың ерекше түрімен тоқылады.

Солтүстік Хорасан облысының басқа бір сәлем-сауқаты ретінде Боджнурдтың «қандпанир» – мұзкәмпитін атауға болады. Бүгінде ол осы аймақтың ең негізгі сәлемдемесі саналады. Оның пісте, жаңғақ, күнжіт, кардамон, даршын мен апельсиннің дәмімен шығарылған түрлері бар.

Тегтер