Maм 26, 2016 14:15 Asia/Almaty

алеған ауданы – Альборз облысындағы аудандардың бірі. Оның орталығы – Талеған қаласы. Бұл аудан Талеғанның төмен жағы, орта шені және жоғарғы жағы болып үшке бөлінеді.

ТОнда ондаған ауыл бар. Жазғы демалыс орны ретінде құнды Талеған ауданы – жабайы жануарлардың тіршілік ететін ортасы және әралуан өсімдіктердің өсетін жері. Талеған ауданында табиғи тартымдылықтармен қоса, құнды тарихи және зиярат орындары да бар. Аудан орталығы Талеған қаласы Альборз таулы сілемінің ортасындағы жайлау аймағында, Теһранның солтүстік-батысынан 120 шақырым жерде орналасқан. Бұл қала орталық Альборз таулы сілемінде орналасқандықтан таулық және жайлауға тән ауа райына ие. Осындай себептерге байланысты оның тұрғындарының саны маусымдық сипатқа ие. Олардың саны жазда бірнеше есе артады. Ал Талеған қаласының тұрақты халқының саны шамамен 7000 адам. Ислам революциясы кезіндегі күрескерлердің бірі әрі Теһран жұма намазының алғашқы құтпагері аятолла Талеғанидің үйі Гелирдте, ал «насталиқ» жазуын ойлап тапқан дәруіш Абдулмаджид Талеғанидің ескерткіші Мехранда орналасқан. Бұлар Талеған ауданының көруге тұрарлық тарихи-мәдени ескерткіштерінің бір қатарын құрайды. Талеғанның келесі тарихи ескерткіштері мен ғимараттары ретінде сол жердегі қамалдар мен имамзадалардың кесенелерін, мазарлар мен моншаларды және су диірмендерін атауға болады.

Талеған табиғатының ең көрнекті ерекшелігі ретінде көптеген биік әрі әдемі шыңдар мен биіктіктерді атауға болады. Талеған қосалқы тау сілемі Альборз таулы сілемінің бір бөлігі болып табылады. Оның ұзындығы шамамен 90 шақырым, ал ені 5-25 шақырымның аралығы.

Талеған таулы сілемінің ең атақты шыңы – биіктігі 4200 метрлік Шах Альборз (Үлкен Альборз). Оның солтүстігінде көруге тұрарлық, әдемі кішкене 8 мұздық бар. Бұл шыңның бай өсімдік жамылғысы, көптеген мөлдір бұлақтары мен сарқырамалары оған ерекше сұлулық сыйлады. Бұл шың малшылар үшін шұрайлы жайылым, ал аймақтың жабайы жануарлары үшін қолайлы кең айлақ болып табылады. Аталмыш ауданда басқа да ондаған шың бар. Бұл таулы аудан салыстырмалы түрде көп жауын-шашын мөлшеріне ие. Бұлақтар мен мезгілдік және тұрақты өзендердің молдығы көптеген сарқырамалардың пайда болуына себеп болды. Бұл сарқырамалар Талеғанның табиғи сұлулығын одан ары арттырып отыр. Сарқырамалар қыс кезінде ерекше әдемі көрініске ие болады. Онда түзілетін мұз сүңгілер тамашалаушының таңданысын тудырады.

Альборз облысындағы Талеған таулы ауданы көптеген үңгірлер, минералды су көздері, табиғи мұздықтар, әдемі сарқырамалар, көл, жабайы жануарлар тіршілік ететін орталар, жап-жасыл егіс алқаптары, миуалы бақтардың болуына байланысты Иранның астанасы Теһранға жақын орналасқан Альборз облысының ең әдемі жазғы демалыс орындарының бірі болып саналады. Бірақ Талеғанның маңыздылығы табиғи және климаттық ерекшеліктермен бірге тарих бойында ұлы тұлғалар паналаған сенімді орын болуында жатыр. Осы ауданда салынған қамалдар – бұрынғы замандардағы асқақтаған күш-құдіреттің белгісі. Талеған таулы ауданының әртүрлі бөліктерінен Буйе әулеті, Мардвидж Зияри, Хасан Саббах пен Табарестан Алавилері билеушілерінің ескерткіштерін көруге болады. Бұл тұлғалардың әрқайсысы өзінің қол астындағы жерді сақтап, қорғау үшін қамалдар салған.

Талеған тауларында орналасқан «Меймун деж» қамалы – Исмаилиттер дәуіріндегі маңызды ескерткіштердің бірі. Ол Хасан Саббахтың билігі кезінде (х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдың басында) салынған. Бұл қамал өз заманындағы ең маңызды қамалдардың бірі болған. Ол Хулагу ханның Аламут пен Талеғанға шабуылы кезінде қиратылып, талан-таражға салынған. Қазір одан қиратылған дуалдардан басқа ештеңе қалмады.

Орталық Талеғандағы таулардың басына салынған келесі бір қамалдың аты – «Аржанг». Онда 1100 жауынгер орналасқан. Ол таудан 50 метр биіктікте 8 күзет мұнарасы бар қамал ретінде танымал. Бұл қамалдың жанында екі маңызды шайқас орын алған. Бірінші шайқас Селжұқ армиясы мен Хасан Саббахтың жақтастары арасында, ал екінші соғыс Хулагу хан мен қамал күзетшілері арасында болған. Ақырында қамалды моңғол ханы Хулагудың қолы қиратқан.

«Дохтар» (Қыз) қамалы да Талеған тауларында Деһдар және Катедеһ ауылдарының жанында орналасқан. Ол Талеғанның жоғары аймағын қорғау міндетін атқарған. Осы әдемі де шағын қамалдың кертікті дуалы біршама аман қалған. Бұл Талеған ауданының стратегиялық позициясынан хабар береді.

«Кейқұбад» қамалы да Альборз таулы сілеміндегі орталық Талеғанда орналасқан. Ол жартасты таудың үстіне салынған өте әдемі де танымал қамалдардың бірі. Бұл қамалдың батыс жағындағы кіреберіс баспалдақ оның өз заманында салтанатты да айбынды болғанынан хабар береді.

Альборз облысындағы Назарбад ауданы да ауа райының жағымдылығына байланысты б.з.д. бірнеше мың жыл бұрын адамдардың мекендеген жері болған. Бұл ауданда б.з. дейінгі төбелер көп. Осы төбелерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттар бұл аймақтың бағзы замандарда Иран өркениетінің маңызды орталықтарының бірі болғанын көрсетеді. Бұл аймақтың тарихи маңыздылығына байланыст бүгінгі бағдарламаның соңғы бөлігін осы аймақпен таныстыруға арнауды жөн көріп отырмыз.

Назарбад ауданындағы Өзбек археологиялық төбесі Теһраннан 73 шақырым жерде Өзбек ауылына жақын маңда орналасқан. Ол Иран өркениетінің б.з.д. көне кешендерінің бірі болып саналады.

Жүргізілген қазба жұмыстарына сәйкес, Өзбек археологиялық төбесі Иранның 6 мыңжылдық мәдениеті – б.з.д 7 мыңжылдықтың алғашқы жартысы, яғни Мадтар дәуірінен 1 мыңжылдықтың алғашқы жартысына дейінгі және б.з. алғашқы ғасырларына жататын ескерткіштерді қамтиды. Өзбек аймағы 100 га ауданды алып жатқан 10 құнды төбеден тұратын кең археологиялық алаңды құрайды. Иранның археологтары х.ш.ж.с.б.1377-1384 жылдар аралығында 6 төбеде қазба жұмыстарын жүргізген. 9 мың жылдық тарихы бар адам қолымен жасалған ең көне шикі кірпіштердің табылуы, бұл ауданды б.з.д. дәуірлерде мекендеген адамдардың цементке қолжетімдігі, б.з.д. 4 мыңжылдықтың орта шенінде Өзбек ауданы халқының ежелгі Шуш тұрғындарымен сауда қарым-қатынасының болғандығын дәлелдейтін құжаттың табылуы, алғашқы ариялықтардың құрылыстары, Мадтардың қаласы мен үлкен қамалы, Мадтардың алғашқы тас мүсінінің табылуы бұл археологиялық алаңның таңғажайып ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Шикі кірпіштің бір үлгісі БҰҰ-да сақтаулы.

26 метрлік Өзбек төбесі өзінің ең биік тұсында «Мад» қамалының қалдықтарын сақтаған. Бұл қамалға жету үшін төбенің құм бетінде салынған баспалдақпен көтерілу қажет.

Төбенің басындағы қамалдың аумағы 900 шаршы метрден асады. Осы уақытқа дейін қамал ішіндегі құрылыстардың 5/4 бөлігі ғана қазылып алынған. Бұл қамал Мадтар дәуіріне тиесілі. Онда «Кеңес» залы, «Халықты қабылдау» залы, ғибадатхана, күзетші бөлмесі, қойма және тағы да басқа әртүрлі бөлмелер орналасқан. Археологтардың тапқан заттары бойынша Өзбек төбесі әртүрлі дәуірлерге тиесілі 3 қамалдың қалдықтарын бойына жинаған. Оның ең көнесінің ауданы 2250 шарты метр, ал дуалының қалыңдығы 7 метр. Өзбек төбесінің батысынан 50 метрлік жерде «Маралтөбе» деп аталатын 500 шаршы метр аудандық жерде археологтар б.з.д 6 мыңжылдық пен 5 мыңжылдықтың басына тиесілі бір ауылдан экспонаттар тапты. Маралтөбеден көптеген балшықтан жасалған заттар, соның ішінде қыш ыдыстар табылды. Археологтар қыштың бұл түрінің ерекше түсіне байланысты оны «Алвии қышы» деп атайды. Өзбек төбесінен 250 метрлік жерде «Душантөбе» орналасқан. Бұл төбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы күнге дейін темір дәуіріне тиесілі үш архитектуралық кезеңінің қалдықтары табылды.

Өзбек алаңында салынған ең көне ескерткіштер Өзбек төбесінен 700 метрлік қашықтықта орналасқан «Йантөбеден» табылды. Йантөбе – әлем мәдениеті тұрғысынан ең маңызды төбелердің бірі. Иранның Мәдени мұра мамандарының айтуы бойынша, Йантөбеде б.з.д. 8 және 7 мыңжылдықтарға тиесілі шикі кірпіштен жасалған құрылыстардың 5 архитектуралық кезеңінің қалдықтары табылған. 5 кезеңге жататын шикі кірпіштер қолдан жасалған. Олар әлем бойынша қолда бар ең көне кірпіштердің қатарына жатады.

Өзбек археологиялық алаңы – әлем мұрасының бір бөлігі. Бұл тарихи кешенді көзбен көріп, онда жасырынған тарихты жақыннан сезіну керек. 

Тегтер