Жел 22, 2016 19:04 Asia/Almaty

Әнфал сүресі, 268-шы бөлім, 38-41 аяттар

"Әнфал" сүресінің 38-ші аяты:

"(Мұхаммед (с)) Сондай қарсы болғандарға: "Егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары жарылқанады. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің үкімі орындалады",-де. (38)"

А... тағаланың пенделеріне зор мейірімінің бірі - әрқашан және кез-келген жағдайда тәубе етіп, күнәдан оралу жолын ашып қоюы. Бұл тек күнә жасаған мүміндерді ғана емес, сонымен кез-келген уақытта ойы мен амалындағы адасудан тыйылатын имансыз кәпірлерді де қамтиды. Осы илаһи мейірімге барлығы бөленіп, кешіріледі. Әлбетте кәпірлер тәубе етіп, иман келтірген соң, қаза болған намаз бен тағы басқа ғибадаттарының есесін толтыруға міндетті емес. Бұл аяттың жалғасы былай дейді: "Бірақ егер өздерінің бұрыс істеріне қайта оралса, А... тағала бұрындағыларға істегеніндей оларға солай істейді". Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, халық туралы төрелік еткенде, олардың өткенін емес, қазіргі жағдайын назарға алу керек.

Екіншіден, Ислам соғысқұмар емес, қайта кәпірлерді түзету мен оларды туралыққа бастауды көздейді.

"Әнфал" сүресінің 39-шы аяты:

"Олармен ешбір фитна қалмағанға дейін және дін бүтіндей А...-нікі болғанға дейін соғысыңдар. Егер олар тыйылса, расында А... олардың істегендерін толық көруші. (39)"

Кәпірлерді Исламға шақыру мен олардың тәубе етуіне жол ашық екендігі жөніндегі аяттан кейін, бұл аят: "Егер өз жолынан қайтпай, сендерді құлату үшін астыртын әрекет жасамақ болса, олардың қастандық жасау ойы жойылғанша дейін олармен соғысыңдар",-деп ескертеді. Негізінде Исламда джиһаттың мақсаты - ел мен жер басып алу емес, қайта жер бетінен зорлық-зомбылықты жою және баянды әділет пен қауіпсіздік орнату болып табылады. Ол үшін илаһи діннің үкімдерін орындау керек. Әрине бұл талап күні бүгінге дейін орындалмады. Бірақ Исламның ардақты пайғамбарының (с) нақты рауаяттары бойынша, оның үрім-бұтағы болып табылатын "Меһди" есімді тұлға ақыр заманда көтеріліп, әлемде әділет пен теңдікті орнатады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, әлемде соғыс отын тұтатушылар - өз тіршілігі үшін астыртын әрекет жасап, бүлік шығаратын мүшріктер мен кәпірлер.

Екіншіден, дұшпандар бүліктерін қойғанға дейін күресу бұйрығы бар және бұл орайда немқұрайлы болмау керек.

"Әнфал" сүресінің 40-шы аяты:

"Егер олар бет бұрса, сонда біліңдер, шын иелерің – А... . Ол, нендей жақсы ие, нендей жақсы жәрдемші. (40)"

Әркімге ой-пікір мен наным және амалдағы тұрақсыздық  қаупі төніп тұрады. Кейбір адамдар бір күні бір топтың соңына ілессе, келесі күні одан бас тартып, басқаға ереді. Олар бүгін мүмін, ертең кәпір болуы мүмкін. Бүгін жақсылық, ал ертең жамандық істеуші. А... тағала бұл аятта нағыз мүміндерге: "Халық арасында байқап отырған наным-сенім осалдығы сендердің жолдарың мен мақсаттарыңның шын екендігіне күдік салмасын. Қайта берік және баянды болыңдар. А... тағала сендерге қамқоршы екенін біліңдер. Ол – сендерге серік әрі көмекші. Тіпті егер барша халық сендерден бет бұрса да алаңдамаңдар. А... сендермен бірге",-дейді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, бір А...-ға ғана сеніңдер. Бүгін сендерге қарағанымен, алайда ертең сендерден жүз бұратын адамдар қаншама.

Екіншіден, А... тағала - ең абзал қамқоршы. Бізді басқаға тапсырмайды да, ұмытпайды. Бізді өзі үшін қаламайды және еңбегімізді де сауапыз қалдырмайды.

"Әнфал" сүресінің 41-ші аяты:

"Егер сендер А...-ға әрі дұрыс пен бұрыстың айрылған күні; екі топ қарсыласқан (Бәдір соғысы) күні құлымызға (Мұхаммедке (с)) түсірген аяттарымызға иман келтірген болсаңдар, дау жоқ. Сендер, соғыстан олжалап алған нәрселерден бестен бірі А...-ға тән. Сондай-ақ пайғамбарға, жақындарына, жетімдерге, міскіндерге және жолда қалғандарға тиісті екендігін біліңдер. А...-ның әр нәрсеге толық күші жетеді. (41)"

Джихад үкімдері туралы аяттан кейін бұл аят: "Соғыс олжасының бестен бір бөлігін А... тағала белгілегендей жұмсаңдар. Егер А... үшін соғысатын болсаңдар, А... тағала бұйырғандай және А...-ның үкімі бойынша амал етіңдер. Джиһадқа барушылар жанынан кешіп, А... жолында жанын пида етуге дайын болғанымен, материалдық заттар мен соғыс олжасы алдамшы. Тіпті жауынгер мүмін де оның алдында жолдан тайып, Ислам үкіметін басқару, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін А...-ның елшісіне төленуі тиіс олжаның бестен бір бөлігін беруге дайын болмауы мүмкін. Сондықтан бұл аят былай дейді: Егер иман келтірген болсаңдар, иманның шарты – жан кешумен қоса, мал-мүліктен де кешу болып табылады. Әрине "олжа" сөзі – соғыс олжасымен қоса, кез-келген кіріс пен табысты қамтиды. Сондықтан пайғамбар ұрпақтарының рауаяттары бойынша мүмін өз табысының бестен бір бөлігін осы аятта баяндалғандай бөлуі керек. Бұл аят соғыс олжаларына қатысты түсірілгенімен, оның үкімі жалпыны қамтиды. Арамызда пайғамбар (с) жоқ біздің заманымызда "хомс" деп аталатын бұл төлем, ол хазіреттің ізбасарлары болып табылатын әділ дін басыларына берілуі тиіс. Олар оны А... жолында өздерінің шешімі бойынша жұмсайды. Бұл аятта оның кейбір орынды жайларына, атап айтқанда жетімдер, міскіндер және жолда қалғандарға сілтеме жасалған. Бұл аяттағы "зи-құрра" дегеніміз – пайғамбардың (с) ұпақтары. Олар имамдық дәрежесіне жетіп, қоғам жетекшілігін мойнына алған. Сондықтан А... мен пайғамбар және имамдардың үлесі Исламдық үкіметті басқаруға қатысты болып келеді. Ол пайғамбар немесе имамның жеке мүлкіне кірмейді. Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қоғамдағы жоқ-жітіктер, қоғам мүшелерінің табысымен басқарылуы керек. Ауқаттылардың мал-мүлкі оларға ортақ.

Екіншіден, соғыс пен джиһад - шыншылдар мен жалғандағылар және мүміндер мен екіжүзділер арасын ажыратып, анықтаудағы илаһи сынақ майданы.

Үшіншіден, Бәдір соғысы - мұсылмандар жеңісіндегі илаһи медет үлгісінің бірі. А... тағала көптеген жерлерде оған сілтеме жасаған.