Батыстың өмір салты (14)
Бүгінгі бағдарламамызда алкогольдік ішімдіктер және олардың Батыс елдерінде тұтынылу статистикасына тоқталамыз.
Алкогольдік ішімдік ішу – Батыс елдері көбінің өмір салтында кең таралған іс. Әрине бұл қоғамдарда христиандар немесе мормондар сияқты діни адамдар (АҚШ-тың Юта штатында таралған діни топ) алкогольдік ішімдіктер ішуден бас тартып, оны шайтанның шарабы санайды. Бүгінде кейбір алкогольдік ішімдіктер тұтыну әлемде сусындар арасында шай мен кофеден кейін үшінші орын алады деп айтуға болады. «Батыстың өмір салты» атты бағдарламада Батыстағы алкогольдік ішімдіктер мен оларды тұтыну көлемі жайлы сөз қозғаймыз.
Алкоголь – адамның есін алып, жүріс-тұрысын өзгертетін психотропты зат. Алкоголь өнімдері өндірісіндегі қаржы айналымы таңданыс тудырады. Есептеулер бойынша, 2020 жылға дейін алкогольдік ішімдіктер саудасынан түсетін болжамды табыс 1,5 трлн долларға жуық болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2018 жылғы есебі бойынша, әлемде жылына 3 млн адам алкоголь өнімдерінен қаза табады. Бұл сан жол апаты мен СПИД-тен қайтыс болатын адамдар санынан көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мамандары алкоголь өнімдерін тұтыну 200-ден аса ауруға себеп болады дейді. Ішімдік ішу адам денсаулығында түрлі қиындық тууына себеп болады, соның ішінде мінез-құлық пен жүріс-тұрыстың бұзылуы, бүйрек ауруларының туындауы, кейбір обыр аурулары, жүрек және қан тамырлары ауруларының пайда болуы, мастықтан жасалатын қатігездіктер мен қақтығыстар салдарынан туындайтын зарарлар мен жол апатына соқтыратын оқиғалар. Мәліметтер бойынша, алкоголь әлемдегі өлім-жітімнің 5 пайызына себеп болып, 20-30 жастағылар арасындағы өлім-жітімнің 13,5 пайызын құрайды. Алкогольдік ішімдіктер салдарынан қаза болған 3 млн адамның арасында ер адамдар саны әйелдерден 3 есе артық. Сондай-ақ, өлім-жітімнің үштен біріне жуығы жол апаты мен физикалық қақтығыс сияқты абайсызда және қасақана зақымдар салдарынан орын алады. Алкогольдік ішімдік ішу салдарынан адамдарға келетін келесі зарар – жүрек және қан тамырлары аурулары. Әлемнің түкпір‑түкпірінде 230 млн-нан аса ер адам мен 50 млн-ға жуық әйел адам ішімдіктен зардап шегуде. Еуропа құрлығындағы ерлер мен әйелдер арасында ішімдік салдарынан туындаған зардап көп. Ішімдік ішудің салдарлары көбіне табысы мол елдерде таралған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, Еуропа құрлығындағы жанұялар әлемде ең көп ішімдік ішетін адамдардың қатарына жатады. Сол себепті бұл құрлықта ішімдіктен көз жұмғандар саны әлемнің басқа жерінен әлдеқайда көп. Еуропа құрлығында да Еуроодаққа мүше Балтық аймағының елдерінде жанұялар табыстарының көп бөлігін алкогольдік өнімдер сатып алуға жұмсайды. Еуростат орталығы жариялаған жаңа мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы Еуроодақ аумағында жанұялар 130 млрд-тан аса еуроны алкогольдік өнім сатып алуға жұмсаған.
Британ дәрігерлерінің айтуынша, ішімдіктің зарарлары тіпті есірткі заттарынан да көп. Лондон университетінің бауыр аурулары бойынша ұстазы Раджив Джалан ішімдік ішуді Еуропа халқы өлім-жітімінің 10 пайызына себеп деп атап, мұның негізгі себебін Еуропада ішімдік ішумен күресу үшін тиісті саясаттың жоқтығы деп атады. Ол Еуропада адамдарға 16 жастан ішімдік ішуге рұқсат берілгенін айтып: «Еуропадағы 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 44 пайызы ішімдікке салынған. Жасөспірімдер мектептегі мерекелерде де ішімдік ішеді»,-деді. Британия ақпарат құралдарының хабарлауынша, күн сайын ішімдік ішу және есірткі қолдану себебінен осы елдің мектептерінен шығарылатын оқушылар саны артып келеді. The Sky News-тің хабарлауынша, 2016-2017 оқу жылында Ұлыбритания мектептерінен 7700-ден аса оқушы шығарылған. Жарияланған статистика бойынша, Ұлыбритания мектептерінен күніне 20 оқушы шығарылады. Сондай-ақ, бұл елде ішімдік ішу және есірткі қолдануға байланысты орта мектептен шығарылған оқушылар саны өткен 5 жылда 57 пайызға өскен.
20 ғасырдың 90 жылдарында медицина саласында алкогольдік ішімдіктердің пайдасы туралы ақпарат таралғаннан кейін ішімдік өндіретін компаниялардың сатылымы артып, табысы молайды. Француз докторы Ренод француздардың жүрек ауруларына азырақ шалдығатынын айтты. Кейбіреулер «француз парадоксы» деп танылған жұмбақ мәселені бұл елде шараптың ішілуіне қатысты деп санады. Көп ұзамай бұл байланысты зерттеу институттары теріске шығарып, оның статистикасы әсіре айтылған деп жарияланды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, Францияда жүрек ауруларының шынайы статистикасы жарияланған саннан әлдеқайда көп, басқа көрші елдерге ұқсайды. Француздардың ең сау жүрекке ие екені туралы гипотеза қате.
2018 жылы Ұлыбританияда «Лансет» медициналық журналында шыққан зерттеуге сәйкес, адамның денсаулығына зарары жоқ алкоголі ең төмен ішімдік деген болмайды. Ноль пайыз алкоголі бар ішімдіктің бір стаканын ішу адамның денсаулығына зиян тигізеді. Сижрид де Мисуар France-24 телеарнасы үшін дайындаған репортажында: «Алкогольдік сусындар ішуде орта жол жоқ. Күніне бір стакан ішімдік ішу обыр, жүрек және қан тамырлары ауруларының асқынуы мен инсульт қаупін 5 пайызға арттырады. Алкогольдік сусындарды тұтыну – 15-49 жас аралығындағы адамдардың кенет өлімінің үшінші факторы»,-деді.
Алкогольдік ішімдіктер тұтынудан туындаған қиындықтарға шалдығып отырған тек Еуропа елдері ғана емес. АҚШ-тың аурулардың алдын алу және бақылау орталығы бір мәлімдемеде 2017 жылы 88 мың америкалықтың алкогольдік ішімдік ішуден қайтыс болғанына тоқталып, ішімдік ішу осы елдің үкіметіне 249 млрд доллар шығын әкелгенін айтты. АҚШ-та ішімдік ішу кең таралған әлеуметтік топтардың қатарына студенттер жатады. Жаңа зерттеулерге сәйкес, барлық америкалық студенттер университет қабырғасында ішімдік іше бастайды. Олардың 80 пайызы ұдайы ішімдік ішеді.
Pars Today-дің америкалық ғалымдардың жаңа зерттеулерінің нәтижесіне сілтеме жасап хабарлауынша, америкалық студенттер арасында алкогольдік ішімдіктер тұтыну өткен он жылда 400 пайызға артқан. АҚШ-тың аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мәліметтеріне сәйкес, жылына 1900-ге жуық америкалық студент алкогольдік ішімдік ішуден көз жұмады. Осы мәлімет бойынша, жыл сайын 18-24 жас аралығындағы 700 мыңға жуық студент өздерінің достары және курстастарымен бірге ішімдік ішеді. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың алдын алу ұлттық институтының мәліметіне сәйкес жылына 97 мыңнан астам америкалық студент ішімдік ішу салдарынан жыныстық зорлықтың құрбанына айналады.
Осы күнге дейін алкогольдік өнімдер тұтынудың медициналық салдарлары саласында көптеген материал жазылған, бірақ ішімдік салдарынан туындайтын физикалық аурулар мен бұған қатысты ащы шындықтар мұнымен бітпейді. Әрбір ел полициясының басқадан көбірек ерекше назар аударатын нәрсесі – ішімдік ішудің әлеуметтік салдарлары. АҚШ-тың алкогольдік өнімдер тұтыну орталығының зерттеулері көрсеткендей, ішкіштер өздеріне зарар тигізумен қоса, басқаларға да қауіп төндіреді. CNN сайты 2019 жылдың шілде айында Жаклин Ховардтың мақаласын жариялап, АҚШ-та жүргізілген зерттеулер бойынша бұл елдегі адамдардың ішімдік ішуінің басқа 53 млн адамның зиян көруіне себеп болғанын хабарлады. Яғни 5 америкалықтың бірі басқалардың ішімдік ішуінің салдарынан тікелей зиян шегеді. Бұл зиян қатігездік шабуылдары түрінде немесе дөрекі сөз қалыбында тиеді.
Жастардың ішімдікке әуестенуі физикалық зиян келтірумен қоса, қатігездіктер мен жол апаттарының көбеюіне әкеліп соқтырды. Тіпті 4 жол апатының бірі ішімдік салдарынан болады. Еуропа елдерінде алкогольдік өнім тұтыну және оның жайсыз салдарлары үкіметтердің бірқатар заң қабылдап, халықтың тұтыну көлемін бақылауға алуға талпынуына себеп болды. Мысалы, барлық елдерде мас кезде көлік айдағанға айыппұл белгілеу және өмір бойға көлік айдауға тыйым салу сияқты ауыр жаза береді. Немесе көптеген елдер жас шектеуін қойып, алкогольдік өнімдердің тұтынылуын бақылайды.
Қорытындылай келгенде, алкогольдік өнімдерді сатудың пайдасы зор екенін ұмытпауымыз керек. Алкогольдік ішімдіктерге салынған салықтан түсетін табыс оның өндірілуі мен сатылуының алдын алуға мүмкіндік бермейді. Сол себепті алкогольдік ішімдіктерді тұтыну статистикасы артып келеді. Бұл бүлдіргі құбылыс тудыратын әлеуметтік түйткілдердің уақыт өте келе арта түсетіні анық.