Жел 10, 2020 01:12 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (197)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген танымал ирандық ақын Масуд Саад Салманмен таныстыруды жалғастырамыз.

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында (11 ғасырда) өмір сүрген ирандық сөз шебері Масуд Саад Салман жайлы сөз қозғап, оның өмірі, ойлары мен туындыларын талқылайтын боламыз.

Айтып өткеніміздей, Әмір Саид ад-доуле Әбу ән-Наджм Масуд Саад Салман Хамадани Үндістанда Ғазнавилер мен Селжұқтар заманындағы танымал ақындардың бірі және Ғазнави үкіметінің ірі тұлғаларының бірі болған. Жанұясы хамандандық болғанымен Масуд әкесінің мемлекеттік қызметіне байланысты х.қ.ж.с.б. 425-438 жылдар аралығында (1033-1046жж) Лахорда дүниеге келген. Масудтың әкесі мен атасы өз заманының білімді, оқымысты адамдарының қатарында болған. Масуд Лахор мен Ғазни қалаларында танымал ұстаздардан ғылым, өнер, жауынгерлік, атқа міну және садақ атуды үйренген. Әдебиетпен танысу оның ақындық пен поэзияға қызығушылығын оятқаны сондай, ол қасида жырлауда өз заманының бетке ұстар ақынына айналып, ұстаздық дәрежеге жеткен. Масуд Саад жастайынан сарайға қызметке тұрған. Сұлтан Ибрахимнің бұйрығымен ол патшаның ұлы Сейфеддин Махмұтқа көмекші болып тағайындалып, онымен бірге Үндістанға аттанды. Сейфеддиннің жанында Масудтың орны өте жоғары болған. Алайда бұл кезең Ғазнидағы қызғаншақтардың жала жабуы салдарынан жылдам аяқталды. Сұлтан Ибрахим Ғазнавидің бұйрығымен шахзада Сейфеддин мен оның көмекшілері мен жақындары абақтыға қамалды. Солардың қатарына іліккен Масуд Саад та 10 (20) жыл өмірін түрмеде өткізді. Масудтың осы замандағы өлеңдерінде әйел-баласынан алыста абақтыда көрген қиындықтары баяндалған. Ол бостандыққа шыққаннан кейін билік аппаратында лауазымға ие болуға ұмтылмады. Бірақ сарай маңынан алыстап кетпеді. Өмірінің соңына дейін сарайдың мәдени істері, соның ішінде Масуд Ғазнавидің ірі кітапханасының жұмысын басқарумен айналысты. Масуд Саад Салман х.қ.ж.с.б. шамамен 515-516 жылдарда (1121-1122жж) Ғазнида қайтыс болды.

Масуд Саад Салман – парсы поэзиясындағы ұлы ақындардың бірі. Ол өзінің жатық тілі мен жайлы стиліне байланысты ерекше танымалдыққа ие болды. Оның әдемі сөз бен тиімді сөз тіркестер арқылы мағынаны баяндау құдіретінде шәк жоқ. Оның қиялының кеңдігі соншалықты, бір тақырыпты түрлі сипаттамамен баяндап берген. Олардың әрқайсысын жекелей қарастыруға болады. Оның сөз тіркестері, теңеулері мен сипаттамалары тың, жаңадан шығарылған. Ол өз өлеңдерінде бөгде сөздерді азырақ қолданған.

«Лобаб әл-Албаб» кітабының авторы Ауфидің айтуынша, Масуд Саад Салманда парсы, араб және хинди тілдерінде 3 өлең жинағы болған. Алайда қазір біздің қолымызға тек парсы тіліндегі өлеңдер жинағы мен араб тіліндегі бірнеше өлеңі жетті. Оның өлеңдер жинағында ғазал, қасида, маснави, рубаи мен басқа да өлең түрлері бар. Алайда Масуд Саад Салманның атын шығарған өлең түрі «хабсиат» деп аталады. Парсы поэзиясында «хасбие» деп ақындардың ұзақ жылдар бойы абақтыда, тұтқында болғанда шығарған өлеңдері аталады.

Масуд Саад Салман өмірінің ұзақ жылдарын абақтыда өткізгендіктен оның осы кезеңде шығарған туындылары оның өлеңдер жинағының басым бөлігін құрайды. Бұл өлеңдерде шын мәнінде оның басынан өткен түрлі қиыншылықтар баяндалған. Олардың әрқайсысы өз түрінде теңдессіз. Әрбір сезімтал оқырманға терең әсер қалдырады. Низами Арузи «Чаһар мағале» (Төрт мақала) атты кітабында Масуд Саад Салманның өлеңдері мен поэтикалық тәсілін қарастыра келіп, оның өлеңдерін оқып, көзіне жас алып, әсерленгенін жазған.  

Қазіргі заманғы әдебиетші доктор Абдулхусейн Зарринкуб парсы әдебиеті мен парсы ақындары туралы көптеген еңбек жазған. Оның «Қымбат керуен» атты кітабында Масуд Саад Салманның абақтыда жазылған өлеңдері туралы: «Масудтың хабсиаты сол замандағы бір тұтқынның өмірін көрсетеді. Бұлар жанға бататындай әсерлі, сонымен қатар қызықты өлеңдер»,-делінген.

Масуд Саад Салманның туындыларын зерттеушілердің сенімінше, ақын абақтыда көрген азаптары мен қиыншылықтарына қарамастан, осындай өлеңдер жазған басқа ақындарға керісінше әлсіздігін айтып, жалынған емес, керісінше зынданшыларды масқаралап, келекеткен. Масуд Саад Салман осындай өлеңдерінде осы кезеңдегі өмірінің ауырпалықтарына тоқталып,  сол замандағы абақтылардың жалпы жағдайын сипаттаған. Сол себепті қоғамтанушылар мен қазіргі заман тарихшыларының көбі х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырлардағы (11-12 ғасырларда) тұтқындардың жағдайы және сот ісімен танысу үшін Масудтың өлеңдерін оқиды.  

Қысқаша айтқанда, Масуд Саад Салман осындай өлеңдерінде әлсіздік пен шарасыздық жайлы айтпаған, керісінше біздің қолымызға жеткен оның кейбір өлеңдерінде абақтыда көрген шектеулер мен өзгерістерден дәріс алғанына ризалық білдірген. Оның сенімінше, осы қиыншылықтар оның ішкі жан-дүниесінің пісіп-жетіліп, гүлденуіне себеп болды.

Егер сені көп азаптаса,

Тарықтырған тағдырға ренжіме, Масуд.

Әлем басыңа төнсе де,

Жаман ойлама, сауырағаштай басыңды тік көтер.

Америкалық ақын әрі сыншы Азра Паванд өлең әуезі мен сезімнің қатынасына тоқталып, осындай жағдайға ие әуезді «абсолютті ұйқас» деп атады. Қазіргі заман зерттеушісі доктор Ғұламхұсейн Юсефидің сенімінше, Масуд Саад Салманның кейбір чакамелерінде (туындыларында) осындай ерекшелік бар. Оның ойынша, Масуд өлеңдерінің мелодиясы оның ішкі наласымен үйлесіп, екеуінен бір үн шығатынын көңіл құлағымен естуге болады.

Масуд Саад Салман әрдайым Ғазнави әулеті билеушілерінің түрлі кезеңдерінде ұзақ уақыт абақтыда болып, қиыншылық көргендіктен күрескер ақын саналады. Оның өлеңдерінде қолданылған тіл, сөз саптасы, сезім мен қиялға айтарлықтай деңгейде зындан кеңістігі, ондағы үмітсіздік және ғылым-білім саласындағы адамдар мен ғалымдар өмірінің аянышты жағдайына өкпесі әсер етті.

Ауғанстандағы мәдени белсенділердің бірі Абдуләли Фокуридің сенімінше, Ғазнави әулетінің зындандарында ұзақ болған Масуд Саад Салман босап шыққаннан кейін абақтыға қайта түсу қаупінен қорқып, Ғазнави билеушілерін мадақтауға бет бұрып, сарайда жақсы қабылдануға күш салды. Алайда оның өмірінің осы кезеңі аса жарқын бола қойған жоқ. Оны парсы поэзиясы тарихында үздік ақын еткен нәрсе – оның абақтыда өткізген жылдары және онда мәдениет өкілдерінің қиын жағдайына налып жазған ащы қасидалары.   

Өкіну, үмітсіздену, қайғыру, аһ ұрып жас төгу, төзімді мұқалтып, сүйекке жететіндей налу, заманға өкпе айту Масуд Саад Салманның өлеңдерінде толық көрініс тапқан. Бұл өлеңдер оның ащы ойлы күрескер бейнесін аша түседі.

Масуд Саад Салманнан қалған мына рубаи оның сол замандағы көңіл-күйін жақсы жеткізген.

Әрқайсысы мені біраз уақытқа қамалға тоғытты,

Қырсығып, зынданшының қолына тапсырды.

Арыстанмын, бірақ мені орманға жібермеді.

Пілмін, бірақ ауыр шынжырмен байлап ұстады.

 

Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.

Тегтер