Қаң 03, 2021 07:05 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (198)

Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген танымал ирандық ақын Масуд Саад Салманмен таныстыруды жалғастырамыз.

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың екінші жартысында (11 ғасырда) өмір сүрген ирандық сөз шебері Масуд Саад Салман жайлы сөз қозғап, оның өмірі, ойлары мен туындыларын талқылайтын боламыз.

Айтып өткеніміздей, Әмір Саид ад-доуле Әбу ән-Наджм Масуд Саад Салман Хамадани Үндістанда Ғазнавилер мен Селжұқтар заманындағы танымал ақындардың бірі және Ғазнави үкіметінің ірі тұлғаларының бірі болған. Жанұясы хамандандық болғанымен Масуд әкесінің мемлекеттік қызметіне байланысты х.қ.ж.с.б. 425-438 жылдар аралығында (1033-1046жж) Лахорда дүниеге келген. Масудтың әкесі мен атасы өз заманының білімді, оқымысты адамдарының қатарында болған. Масуд Лахор мен Ғазни қалаларында танымал ұстаздардан ғылым, өнер, жауынгерлік, атқа міну және садақ атуды үйренген. Әдебиетпен танысу оның ақындық пен поэзияға қызығушылығын оятқаны сондай, ол қасида жырлауда өз заманының маңдай алды ақынына айналып, ұстаздық дәрежеге жеткен. Масуд Саад жастайынан сарайға қызметке тұрған. Сұлтан Ибрахимнің бұйрығымен ол патшаның ұлы Сейфеддин Махмұтқа көмекші болып тағайындалып, онымен бірге Үндістанға аттанды. Сейфеддиннің жанында Масудтың мәртебесі өте жоғары болған. Алайда бұл кезең Ғазнидағы күншілдердің жала жабуы салдарынан жылдам аяқталды. Сұлтан Ибрахим Ғазнавидің бұйрығымен шахзада Сейфеддин мен оның көмекшілері мен жақындары абақтыға қамалды. Солардың қатарына іліккен Масуд Саад та 20 жыл өмірін түрмеде өткізді. Масудтың осы замандағы өлеңдерінде әйел-баласынан алыста абақтыда көрген қиындықтары баяндалған. Ол бостандыққа шыққаннан кейін билік аппаратында жоғары лауазымға ие болуға ұмтылмады. Бірақ сарай маңынан алыстап кетпеді. Өмірінің соңына дейін сарайдың мәдени істері, соның ішінде Масуд Ғазнавидің ірі кітапханасының жұмысын басқарумен айналысты. Масуд Саад Салман х.қ.ж.с.б. шамамен 515-516 жылдарда (1121-1122жж) Ғазнида қайтыс болды.

Масуд Саад Салман шығармашылығында мадақ мен хабсиат (зынданда жазылған) тақырыбындағы өлеңдер көп қайталанған. Хабсие жайлы өткен бағдарламада біраз сөз еттік. Хабсие – парсы поэзиясындағы өлең түрлерінің бірі. Онда зындандағы ақынның сезімдері – күйзелісі, қобалжуы мен наразылығы баяндалады, көбіне ақынның арыз-шағымынан тұрады.

Хабсие – шын мәнінде таудың басында қамалып немесе терең құдыққа тасталып, жәбір көрген адамның жанайқайы. Басқалардың өсек айтып, жала жабуы салдарынан, ой-пікір мен діни сенім қайшылығы немесе озбыр билеушілерге бас имегені үшін тұтқындалып, зынданға тоғытылған адамның наласы. Хабсиат немесе зындан әдебиеті – мәжбүрлі түрде елі-жерінен ажыратылып, зынданға тасталған мәдени тұлғалардың ауырпашылығына толы зарлы өлеңдер. Олар өздерінің сағыныштарын түрлі қалыптарда, арыз‑шағым айту, аңсау, құсалану, алыста болу дерті қалыбында баяндады.

Ирандық ақындардың арасында өмірінің біраз жылын түрлі себептерге байланысты зынданда өткізіп, ондағы жағдай мен қиыншылықтарды баяндап өлең жазған адамдар бар. Кейде олар өз заманындағы саяси‑әлеуметтік мәселелерді талқылаған. Солардың қатарында Масуд Саад Салман, Хақани Ширвани мен Насер Хосроуды атауға болады.  

Жалпы хабсиелерде тіл, сөз мен қоғамдық кеңістік әрқилы.  Бірақ осындай өлеңдерде қолданылған элементтер мен тақырыптар бірдей. Масуд Саад Салман – парсы әдебиетінде хабсие өлең жырлаушы алғашқы ақын. Ол саяси‑әлеуметтік қызметіне байланысты өмірінің 18 жылын «Су», «Даһак», «Най» және «Марандж» абақтыларында өткізген. Ол өлең арқылы зындандағы көңіл‑күйі мен сезімдерін, осы аралықта басынан өткен оқиғаларды баяндап, парсы әдебиетінде жаңа өлең түрін тудырды.

Масуд Саад Салман зындандағы өмірінің ащы тәжірибесін түрлі қалыптарда – арыз‑шағым, өткенді аңсау, жат жердің қам‑қайғысы, Отаннан жырақта болу дерті түрінде баяндаған. Салман өлеңдеріндегі бұл ерекшеліктер өткенге көз тастау, яғни ностальгия қалпында көрініс тапқан. Ностальгия – осы шақтағы сергелдеңнен құтылудың жолы. Ол өткен шақты аңсау және осы шаққа налумен қатар өріледі. Сондықтан алыс‑жақын естеліктер терең байланыста жырланады. Ностальгия – жырақта болу сезімінің өткенді аңсаумен қатар берілуі. Мұндай жағдай адам уақыт өте келе бұрынғы өмірінде болған дүниелердің қадірін түсініп, одан айырылғанына қайғырған кезде туындайды.

Зынданда болу және оның өлеңде көрініс табуы адамның табиғатына жат, жағымсыз нәрсе болса да,  мұндай өлеңдер адамның тікелей айта алмайтын ойларымен танысуға септігін тигізеді. Мұнымен қоса,  бұл өлеңдерден адамның ең саф сезімдерін тауып, зерттеуге болады. Осындай өлеңдер адамның ең шынайы әрі таза сезімдерін оның ең шынайы формаларында көрсетеді, өйткені адам болмысының тереңінен бастау алады. Сондықтан зынданға тоғытылған ақынның шынайы бітімін бейнелейді, оның орындалмаған арман‑тілектерін көрсетеді.   

Масуд Саад Салманның хабсиелерін ұстаз Зарринкубтың өтіріксіз және бетпердесіз өлең туралы сөздерінің дәлелі десе болады. Масуд Саад Салманның осындай өлеңдері оның басқа кезде және басқа көңіл‑күйде жазған өлеңдерінен шынайырақ әрі боямасыз. Хабсиелерде Масуд басынан аяғынан дейін алтын мен күш‑қуат иелерінің атын атамаған, ешкімді мақтамаған, ешкімнен кешірім сұрамаған. Ол өз қасидаларында зындандағы қиыншылықтар, жат жердің машақаты, абақтының қараңғы түндеріндегі түрлі сынақтар, бала‑шағадан алыста болу, өзінің кінәсіздігі жайлы сөз қозғаған. Осы жағдайлар мен сезімдерді баяндауда көзі көріп, басынан өткен нәрселерді жырлағандықтан оның өлеңдері ерекше әсерлі. Сол себепті Салманның осындай қасидалары парсы әдебиетінде теңдессіз саналады.

Замана маған соғыс ашып,

Мені тар қапасқа тоғытты.

Қам‑қайғыны жан‑жүрегіме

Болат қылыш пен садақ оғындай қадады.

Көзімнен жас төгілгені сондай

Қуанышымның айнасын тат басты.

 

Хабсиелерде зынданда жалғызсыраған ақынның өткен өмірде туған‑туыс пен жақындарымен өткізген жақсы шақтарының естеліктері оның көңіл пердесінен бір‑бірлеп жылжып өтеді,  жүрегіне таудай қайғы түседі, көзінен селдей жас төгіледі. Елден жырақтағы биік таудың басында орналасқан қамалда жатқан ақын ескі достарын сағынып, аңсайды, бірақ оны достары тіпті қиялдарында да іздемейді. Тек қам‑қайғы мен бейнет қана оның досы мен серігіне айналып, жанын жегідей жейді. Масудтың осындай өлеңдерде тудырған бейнелері өте әдемі әрі боямасыз. Кез келген оқырманды баурап алады.

Бейнетім әзіз досымдай

Түн сайын мені қапсыра құшақтайды.

Аңсау, жақындардан айырылғанға қайғыру, өмірдің зая кеткеніне өкіну, өлімнен қорқу, жақсы шақтарды аңсау, денсаулық нығметін сезіну, бостандықты аңсау, отаннан жырақта болу мен жат жерде жүріп қайғыру сияқты тақырыптар Масуд Саад Салманның хасбие өлеңдерінде жиі жырланған. Өмірінің 18 жылын  абақтыда өткізген Масудты осындай сезімдер жаулап алып, оның оқшауланып, өлім жайлы ойлауына себеп болды.  Оның өлеңдерінен ізденуден шаршаған, қайғыға берілген және таныс таппаған ақынды көруге болады.

Қайғымды бөлісер адам жоқ

Танитын адам көрмедім.

Осы оқшаулық оның сабырын тауысып, өмірдің қиын жағдайы мен замананың қайғысына шыдамай, өмірден баз кешіп, өлімді аңсауына себеп болады.

Құдай біледі

Осындай қиыншылықты көргенше

Жанымды беріп, өлімді сатып алуға бармын.

Тегтер