Шираздағы лаңкестік қылмыстың жаңа қырлары ашылды
Иранның Барлау министрлігі өз мәлімдемесінде Шираздағы лаңкестік қылмыс туралы жаңа мәлімет жариялады.
23 қазанда ДАИШ лаңкестері Ирандағы Фарс облысының орталығы Шираз қаласында хазірет Ахмед бен Мұсаның (ғ.) кесенесі – Шахшыраққа жасаған шабуылында 13 адам, соның ішінде 2 бала шәһид болып, 30 зияратшы жараланды.
Иранның Барлау министрлігі өз мәлімдемесінде: "Осы уақытқа дейін 26 тәкфиршіл лаңкес құрықталды. Ұсталған адамдардың бәрі Иран азаматтары емес, Әзірбайжан, Тәжікстан мен Ауғанстан азаматтары болып шықты",-деді.
Осы мәлімдемеде: "Фарс, Теһран, Альборз, Керман, Құм және Хорасан-е Разави облыстарында лаңкестер қуғындалып, ұсталды. Олардың біразы Иранның шығыс шекараларында қашып бара жатқан жерде ұсталды",-делінген.
Иранның Барлау министрлігі сондай-ақ Шахшыраққа лаңкестік шабуыл жасағандардан кек алынатынын баса айтты.