Ақп 12, 2019 16:57 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (169

Бүгін сіздермен бірге Үлкен Хорасанға барып, Тимурилер заманындағы Гератқа сапар шегіп, х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырда өмір сүрген Иранның кескіндеме өнеріндегі Герат мектебінің негізін қалаған ирандық танымал суретші Камаледдин Беһзад Солтанимен таныстырамыз.

Камаледдин Беһзад Солтани х.қ.ж.с.б. 855-865 жылдары (1460 жыл) Герат қаласында дүниеге келген. Сол замандағы танымал тарихшылардың көбі осы әйгілі ирандық суретшіні Солтан Хосейн Байқараның кітапшысы "Мирәк" деген атпен танымал херавилік суретші Амир Рухолланың шәкірті санаған. Камаледдин Беһзад ата-анасынан ерте айрылған. Туыстарының бірі болуы ықтимал Рухолла Мирәк оны өз қамқорлығына алған деседі. Қажы Мирәк сол заманда кескіндеме, кітап әрлеу және каллиграфия саласында теңдессіз тұлға саналып, ғимараттар мен үйлердің қабырғаларындағы тақташалардың бетіне көркем жазуға өте шебер болған.

Камаледдин Беһзад жастайынан кескіндеме өнерінде танымал болып, Солтан Хосейн Байқара мен оның өнерсүйгіш дана уәзірі Әмір Әлішер Науаидің қолдауына ие болып, Кескіндеме үйі мен патша кітапханасын басқаруға тағайындалған. Шаһ Исмаил Сефеви Гератты басып алғаннан кейін ұстаз Беһзад пен қаладағы бірқатар өнерпазды өзімен бірге Табризге алып кетіп, патша кітапханасын басқаруды оған тапсырған. Камаледдин Беһзад х.қ.ж.с.б. 942 жылы қайтыс болды. Кейбіреулер оның мазарын Табризде деп санаса, басқа біреулер Мұхтар тауының жанында орналасқан құлпытасты назарға алып, оның мазарын Гератта деп санайды.

 

Камаледдин Беһзадтың мүсіні

Зерттеушілер Камаледдин Беһзадтың туындыларын портреттер, шынайы оқиғалар, кітаптарға қатысты суреттер және әдеби мәтіннен бөлек суреттер деп бөліп қарастырады. Кейбір зерттеушілер Беһзадтың өз туындыларында адамға көп көңіл бөлетініне байланысты оның картиналарын классификациялауда тақырыптық алуандық пен адамдардың мүсіндерін назарға алған. Осы классификация негізінде Беһзадтың туындыларындағы адамдардың суреттерін "лирикалық келбеттер", "дәруіштердің мүсіндері" және "қоғамдық тұлғалар" деп бөлуге болады.

 

Мұхтар тауында Камаледдин Беһзадтың қабірінен қалған құлпытас

Ирандық суреттерде лирикалық бейнелер өте кең таралған. Мұндай бейнелерді жасаудағы негізгі мәйек парсы поэзиясы мен прозасынан алынған. Парсы әдебиетіндегі көрнекті шығармаларда кездесетін лирикалық және эпостық өлеңдерді олардың толық айнасы санауға болады. Ирандық кескіндеме дәстүрінде мұндай тұлға салудың тарихы әріден басталып, дәстүрлі кескіндеме мектептерінде ұстаздан шәкіртке беріліп отырды. Беһзад та өзіне дейінгі өнерпаздар сияқты мұндай келбеттердің жалпы қалыбына көңіл бөліп, оны ғашықтық, жастық шақ, той-томалақ, соғыс алаңы мен патшалардың салтанатын көрсететін мазмұндарды баяндауда пайдаланған. Мұндай келбеттерден қайталамалы әрі шектеулі мазмұндарды кездестіреміз. Сол себепті лирикалық келбеттерденн Беһзадқа тән жасампаздық пен бастамашылық байқалмайды.

Беһзадтың суреттеріндегі лирикалық кейіпкерлердің басы домалақ немесе сопақ түрде, беті көмескі, ашық түсті терінің түсімен салынған. Бұл келбеттерде әжім жоқ, тіпті бәрі жап-жас сияқты. Ер адамдардың көбі сақалсыз, кейде беттеріне мұрт қосу арқылы оларға еркектік қалып береді. Бұл бейнелердің келесі бір ерекшелігі – бойшаңдық. Беһзадтың лирикалық бейнелерінің анатомиялық жобасында жыныс мәселесі көтерілмейді. Беһзадтың туындыларындағы мұндай бейнелерде әйел мен еркектің формалары мен пропорциялары бірдей көрсетілген. Беһзадтың лирикалық бейнелеріндегі әйелдер мен ерлерді айыратын жалғыз ерекшелік бас пен бет-жүз бөлігінде әртүрлі жамылғы пайдалану болды. Мысалы, ерлердің басына тәж, бас киім немесе сәлде салынған. Ал әйелдердің бастарына төрт бұрышты, үш бұрышты немесе торлы орамалдар тағылған. Осындай көзге көрінетін ерекшеліктер ирандық кескіндемеде әріден басталып, парсы әдебиетіндегі адамның денесі мен келбетінің сұлулығын сипаттаудан алынған.

Камаледдин Беһзадтың туындыларындағы лирикалық бейнелердің үлгілері

Камаледдин Беһзадтың туындыларындағы бейнелердің екінші тобы – дәруіштердің бейнелері. Беһзад мистикалық тағылымдар мен сопылық кеңістіктен тәрбие алған. Қажы Мирак пен Моулана дәруіш Мұхаммад сияқты атақты ұстаздарының әрқайсысы сопылыққа жақын болған. Беһзадтың негізгі демеушісі болған Солтан Хосейн Байқараның уәзірі Әмір Әлішер Науаи – Нақшбандия ағымының танымал тұлғаларының бірі. Сондай-ақ, Беһзад өз заманындағы атақты әдебиетші әрі мистик, шейх Абдуррахман Джамидің замандасы болған. Сол себепті Беһзадтың суреттеріндегі сопылық ойлар мен символдардың әсері – табиғи нәрсе. Дәруіштер бейнесі – Беһзадтың кескіндеме туындыларын танудың ең маңызды көрсеткіші. Бұл бейнелер жалпы немесе жеке түрде салынған, кейде лирикалық-қоғамдық бейнелердің жанында бейнеленген.

Мұндай бейнелердің беттері салыстырмалы түрде сопақ болып келеді. Лирикалық үлгілерге керісінше бет сүйектері шығыңқы бейнеленген.  Дәруіштік бет-бейненің түсі ашық, кейде бидай өңді болып келеді. Көбінесе қара, қоңыр және ақ түсті ұзын салалы сақалды қолдану, бойлары қысқа, сәл иілген қарт адамдарды көрсету Беһзадтың туындыларындағы осы бейнелердің сыртқы ерекшеліктерінің қатарына жатады.   

 

Камаледдин Беһзадтың туындыларындағы дәруіштік бейнелердің үлгілері

Беһзадтың туындыларындағы адамдық бейнелердің үшінші тобы – қоғамдық бейнелер. Бұл кескіндемешінің суреттеріндегі қоғамдық бейнелер деп адамдарды жұмыс барысы мен күнделікті белсенділікте көрсететін бейнелер тобын атайды. Тимурилер заманындағы кәсіптердің көбінен сопылықтың нышандарын көруге болады. Бұл жағдай Беһзадтың рухы мен жанына үйлеседі. Беһзадтың бала кезінде жетім қалып, кедейшілікте өмір сүруі оның қоғамның осы әлеуметтік тобына көңіл аударуына әсер еткені ықтимал. Жалпы Тимурилер заманындағы Иранның айтулы қалаларының, әсіресе Самарқанд пен Гераттың қоғамдық перспективасын Беһзадтың туындыларындағы осындай бейнелердің шабыт алған бастауы деп айтуға болады. "Ховарнақ" сарайы немесе Самарқанд мешітін салу сияқты суреттер осындай тұлғаларды қолданудың шарықтау шыңы саналады.

Қоғамдық бейнелер кейде лирикалық бейнелер сияқты домалақ, сақалсыз кейіпте, кейде дәруіштер сияқты үшкір сақалды кейіпте бейнеленеді. Беһзадтың туындыларындағы қоғамның бұл тобының терілерінің реңі әртүрлі, онда тіпті әралуан ұлттар байқалады. Мұндай алуандық бейнелердің формалары мен күйлерінен де байқалады. Қоғамдық бейнелер көбінесе жұмыс істеп жатқан кезде, табиғи қозғалыс барысында көрсетіледі. Мысалы, құрылысшылар мен қызметкерлер сияқты кейбір тұлғалардың бойлары биік, сымдай тартылған, тіпті лирикалық бейнелерден де биік болып көрінеді. Ауыл адамдары мен шопандар бойлары қысқа әрі толық болып бейнеленген. Өнер сыншыларының пікірлері бойынша, қоғамдық бейнелер Камаледдин Беһзадтың туындыларындағы ең маңызды бейнелер саналып, оның адам бейнесін сомдаудағы жасампаздығы мен қабілет деңгейін көрсетеді.

 

Камаледдин Беһзадтың туындыларындағы қоғамдық бейнелердің үлгілері

 

Тегтер