Сәу 27, 2019 14:29 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (172)

Өткен бағдарламадағы тақырыптың жалғасында Иранның танымал тұлғасы, тазкереші, ақын Әлиғоли Вазири жайлы сөз қозғаймыз.

«Вале Дағестани» деген атпен танымал Әлиғоли хан х.қ.ж.с.б. 1124 жылдың сафар айында Исфаһанда дүниеге келген. Валенің әкесі Мұхаммад Әлихан Вазири х.қ.ж.с.б. 1126 жылы Сефеви шахы тарапынан «Бектердің бегі» деген лауазымға ие болып, жанұясымен бірге Ереванға аттанған. Әкесі қайтыс болған соң Вале жанұясымен бірге Исфаһанға қайтып оралып, немере інісі Хасанәлидің қамқорлығына бөленіп, сол кездегі ғылым мен әдебиет ұстаздарынан білім ала бастайды. Ол Құранды меңгергеннен кейін аз уақыттың ішінде Құдай берген зеректігінің арқасында парсылар мен арабтар арасында кең таралған ғылымдармен қоса, тарих пен әдебиетті меңгерген. Бірақ, ағасы үкіметтегі жұмысынан айырылуы салдарынан Вале оқуын аяқтай алмайды. Ол ағасының қызы Хадидже Сұлтанға ғашық еді. Бірақ, билікке Махмұт Ауған келіп, Исфаһанды басып алған соң Вале мен Хадидже Сұлтанның арасында қашықтық пайда болады. Сондықтан Вале қайғыға толы ғазалдар жазған. Вале х.қ.ж.с.б. 1144 жылы 20 жасында Надершаһ Афшар билікке келген кезде отанынан жер ауып, Үндістанға аттанып, үнді патшасы Сұлтан Мұхаммадтың сарайына қызметке тұрды. Ол өмірінің соңына дейін Иранды аңсап өткен. Вале 1170 жылы 46 жасында Делиде қайтыс болып, сол жерде жерленген. Бірақ, қазір оның қабірінен еш белгі қалмаған.

Вале Дағестаниден қалған ең маңызды еңбектердің бірі – "Тазкере-е Риаз уш-Шоара". Бұл парсы тазкерелері арасында Вале қолданған тәсілге байланысты көңіл аударып, талқылауға тұрарлық еңбек саналады. Ирандық және парсы тілді зерттеушілер мен сарапшылар әдеби туындылар жазумен қатар поэзияның әртүрлі салаларындағы тақырыптарды көтерген. Өлең мен ақындықтың орны, поэзияның болмысы, шешендік стильдері мен әдеби жанрлардың айырмашылығы сияқты тақырыптарды үстірт болса да, шығармаларында қарастырған. Тазкере жазу, яғни ақындарды таныстырып, олардың өмірбаяндарын жазу үдерісі пайда болған соң, сыни көзқарас білдіру үшін мұрсат берілді. Бұл Иранда туындыларды бағалау мен әдеби сынның  айтарлықтар өзгергені саналады. Тазкереші тарапынан ұсынылған сынның кәсіби емес, көбінесе талғамға негізделгеніне қарамастан, парсы әдебиеті тарихында әдеби сынның кемелдену жолындағы бір кезең саналады. Оны тарихи-өмірбаяндық (Historical- Biographical) сын деп атайды. Былай атаудың себебі мынада: бұл тазкерелерде көбінесе жазушының назары туындының авторы, оның өмірі, оқуы, еңбектері, ой-пікірі, мінез-құлқы мен көңіл-күйін баяндауға бағытталған. Тазкерелерде берілген осындай ақпараттар зерттеушілерге өте пайдалы әрі құнды, өйткені еңбекті түсіну мен тәпсірлеуді жеңілдетеді.

Иранда тазкере жазу ешқашан бір сарында болмаған, әртүрлі кезеңдерді бастан өткеріп, өзгерістерге ұшыраған. Сөйтіп, әдебиет тарихын жазудан әдеби сын жазуға жеткен. Қолда бар тазкерелерге жасалған зерттеулер көрсеткендей, басында көбінесе автор жайлы тарихи мағлұмат беріліп, әдеби туынды жайлы азырақ сөз қозғалған. Бұл кезеңде сын мен ескертулер жасалмаған, егер болса, жалпылама сипатқа ие болған. Уақыт өте келе, ақындардың өлеңдері жайлы сын-пікірлер тазкерелерге жол тартып, жалпы сөздің орнын деректер мен туындыдан үзінділер келтіріліп, шынайы зерттеу басты. Өлеңді түзеу мен сынауға көңіл аудару, ақындардың бір-біріне әсері, мысал келтіру арқылы өлеңдердің әлсіз әрі мықты тұстарын баяндау тазкере жазушылардың назарына алынды. Х.қ.ж.с.б. 12 ғасырдағы тазкерелерден сыни жолды айқын көруге болады.

Зерттеушілердің пікірінше, тазкерелерде айтылған сын жазушының талғамына байланысты болған. Тазкерелердегі сын пікірлер мен ескертулер жеке сипатқа ие болған. Өлеңдерді сынау мен бағалауда шешуші және әсерлі рөл атқаратын нәрсе – тазкере жазушының талғамы. Сынды дәлелге негіздеген жас сыншылардың пікірінше, талғам мен сезімге негізделген сынның ғылыми негізі болмаса да, "заманның талғамын" толық көрсететін айна автор болғандықтан, оны әдеби талғамның өзгеріс тарихын түсіндіру үшін пайдалануға болады.

Вале Дағестани "Тазкерейе Риаз уш-Шоара" еңбегін х.қ.ж.с.б. 1161 жылы 37 жасында жазған. Бұл кітап бір кіріспе мен 28 "роузе" және автордың толық өмірбаянынан тұрады. Жазушының заманында қолданылған проза тілімен салыстырғанда өте қарапайым да жатық жазылған. Бұл тазкереде автордан бұрынғы және замандас 2594 парсытілдес ақын-жазушының өмірбаяны баяндалған. Вале ақындардың атын тізіп жазуда әліпбидің қәріптерін назарға алған; өлеңдері нашар көрінген ақындардың өмірбаяндарын жазудан бас тартқан. Ақынды атағанда оның поэтикалық атын негізге алған. Поэтикалық аты белгісіз болған жағдайда ақынның шын атына, содан соң лақап атына көңіл бөлген. Вале араб әліпбиінің әрбір қарпіне бір тарау арнаған. Оны "роузе" деп атаған. Оның кітабы жалпы 28 роузеден тұрады. Вале өзінің өмірбаянына арнаған "хатемеден" кейін бір бөлімде оған осындай еңбек жазуға көмектескен Құдайға мадақ айтып, өз тазкересінің пайдасы мен әлсіз тұстарына тоқталып, оқырмандардан өзін қатты сынамауды өтінген.  

Вале Дағестани ақынның өмірбаянын жазғанда ол туралы бірнеше сипаттама мен лақап атын жазып, ол жайлы қысқа, кейде ұзақ түсіндірме берген. Бұл бөлім сол заман мен қазіргі кезде өте қарапайым да жатық саналатын тілмен жазылған. Вале содан соң ақынның өлеңдер жинағынан бір немесе бірнеше бәйітті үлгі ретінде келтірген. Оған түсіндірме беру керек деп санаса, сол жерде түсіндірген. Вале Дағестани өз тазкересінде кейде парсы поэзиясындағы жанрдың өзгеріс жолын қарастырған. Вале ақындардың туған және қайтыс болған күндерін жазуда аса нақты болмаған. Ол көбінесе өз замандастарын баяндаған бөлімде нақтылықты жақсы сақтаған. Олардың өмірлері, сапарлары, араласатын адамдары мен мадақтайтын адамдары жайлы егжей-тегжейлі мағлұмат беріп, олар мен сол заманның әдеби жағдайы жайлы анық та пайдалы ақпарат қалдырған.

Вале осы үлкен тазкерені жазу үшін көптеген дереккөздерін пайдаланған. Еңбектің жер-жерінде және "Тазкере-е Риаз уш-Шоараға" өзі жазған кіріспеде соларға тоқталып: "Бұл парақтарды жазу кезінде шешен ақындардан 70-ке жуық өлеңдер жинағы, қосымша тазкерелер, "Нафахат уа маджалес ул-ушшақ" және тағы басқа бірнеше том тарих кітабы қолданылған. Аталған кітаптарда келтірілген қайшылықтарды мүмкіндігінше түзетуге тырысып, "Нафахат" сияқты кітаптар сенімді көрінсе, басқаларды беделсіз деп санады",-деп жазған. Вале тазкересінің көп бөлігін жазуда Тақи Аухедидің "Арафат ул-Ашеқин" тазкересін кең түрде  қолданғанымен көп жағдайда авторға сын айтып отырған. Тіпті, кейбір жағдайда "Лобаб ул-Албаб" және "Маджалес ун-Нафаес" сияқты кітаптарға сілтеме жасаған. Ақын жайлы беретін мағлұматтардан оның "Арафат ул-Ашеқин" тазкересінен алғаны және Тақи Аухеди қолданған кітаптарға сілтеме жасағаны байқалады.