Маусым 12, 2024 22:13 Asia/Almaty
  • Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы (12)

"Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың он екінші эпизодының тақырыбы: Ислам революциясының жеңісіндегі әлеуметтік күштердің рөлі (Бірінші бөлім: Студенттер)

Ислам революциясының қалыптасу үдерісін талдауда өмірлік маңызы бар тақырыптардың бірі – халықты билеуші ​​режимге қарсы жұмылдыру үдерісіндегі әртүрлі күштер мен әлеуметтік топтардың рөлі. Бұл бөлімде студенттердің Пехлеви режиміне қарсы күрестегі және Иран Ислам революциясының қалыптасуындағы рөлі туралы сөз қозғаймыз.

Армысыздар, ардақты ағайын! Сіздер "Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы" атты подкастымыздың он екінші эпизодын тыңдап отырсыздар. Өткен бірнеше бөлімде сіздерге Ислам революциясы кезіндегі Иран халқының мақсаттары мен талаптары туралы айтып, үш мұрат –азаттықты талап ету, әділет іздеу және тәуелсіздікке ұмтылу Ислам революциясындағы халықтың ең маңызды талаптары екенін жеткіздік. Бұлар Иранның қазіргі заман тарихында, яғни конституциялық революция кезінен бергі халықтың талаптары болып табылады.

Шах режимінің авторитарлық сипатына және сол жүйедегі саяси және әлеуметтік бостандықтар мен азаматтық құқықтардың жоғалуына, сонымен қатар шах билігі кезінде Иранның АҚШ басқаратын Батыс блогына тәуелділігінің артуына байланысты Ислам революциясы қарсаңында жоғарыдағы үш мұраттың жүзеге асуы тұрғысынан ел жағдайы адам төзгісіз еді. Озбырлық тек елдің барлық саяси-әлеуметтік істерін қамтыған жоқ, керісінше Иран америкалық кеңесшілер мен дипломаттардың сайран салатын жеріне айналды. Нәтижесінде таптық алшақтық пен әлеуметтік кемсітушілік қоғамның барлық бөлігін қамтыды. Сол себепті 1979 жылы халық имам Хомейни бастаған ислам идеологиясы төңірегінде бірігіп, билеуші ​​саяси жүйеге қарсы жұмылып, шахтың авторитарлы әрі тәуелді режимін құлатты.

Ислам революциясының қалыптасу үдерісін талдауда өмірлік маңызы бар тақырыптардың бірі – халықты билеуші ​​режимге қарсы жұмылдыру үдерісіндегі әртүрлі күштер мен әлеуметтік топтардың рөлі. Имам Хомейни өз жетекшілігінің қолшатырын қоғамның барлық наразы топтарына жаю арқылы оларды топтастырып, ұлтты біріктіре алды.

Бұл жан-жақты революциялық жұмылдыру революциялық топтар мен күштер және революцияның жетекшісі ретіндегі имам Хомейни тарапынан жүргізілген екі жақты процесс болды. Басқаша айтқанда, имам Хомейни осы жетекші күштердің көмегімен қоғамның басқа бөліктерін жұмылдырып, шах режимін құлата алды.

Алдағы бірнеше бөлімдерде шах режиміне қарсы тұруда жетекші саяси және қоғамдық күштердің қандай топтар болғанын және имам Хомейнидің жетекшілігімен олардың революциялық мобилизация процесінде қандай рөл атқарғанын талқылаймыз. Бұл бөлімде Ислам революциясының жеңісіндегі жетекші саяси-қоғамдық күштердің бірі ретіндегі студенттер мәселесін қарастырамыз. 

Студенттер қоғамдағы саяси белсенділіктерге қатысуға қабілетті әлеуметтік топтардың бірі болып табылады. Олар түрлі себептерге байланысты, әсіресе жастық жалыны мен одан туындайтын күш-қуат, қоғамның зиялы қауымымен қатынасына байланысты қоғамдағы жағдайды және өзгерістерге әсер ете алатын күштерді үнемі сынға алады. Осы себепті саяси-әлеуметтік мәселелер жөніндегі сарапшылар студенттік белсендіктің ерекшеліктерін түсіндіру үшін идеализм мен радикализм деген екі сипатты пайдаланды.

Қоғам зиялыларымен байланыста студенттер дәстүрлі шеңберден шығып, жаңа құндылықтар тудырады немесе ескі құндылықтарға жаңа шекпен жауып ұсынады. Осы себепті олар зиялы қауымға ілесіп, қалыптасқан жағдайды сынайды. Дамыған елдерге қарағанда нашар дамыған елдердегі студенттердің рөлі әлдеқайда жоғары. Өйткені мұндай қоғамдарда халықтың талап-тілектерінің бір бөлігін және қоғамның жаңа талаптарын билікке жеткізетін партиялық механизмдер жоқ болғандықтан, студенттердің міндеті еселене түседі және олар қоғамдағы өзгерістер мен қайта құрулардың авангардтық күшіне айналады. Мұндай студенттік қозғалыстар тек дамымаған елдерге ғана тән емес, әртүрлі елдердің даму тарихына шолу көрсеткендей, студенттер сол елдердің саяси және әлеуметтік дамуын ілгерілетуде қоғамның ең белсенді және тиімді бөліктерінің бірі болған. Түрлі елдердің тарихында студенттердің жүздеген наразылығы тіркелген. Бұл қарсылықтарға шолу көрсеткендей, көп жағдайда студенттер қоғамның басқа топтарының қозғаушы күші болған. Мысалы, 1968 жылы мамырда Францияда өткен студенттер наразылығы осы елдің дамуына үлкен әсер етіп, маршал де Голль үкіметін күйреу шегіне дейін жеткізіп, басқа кейбір елдерге шабыт сыйлады. Студенттер өзгерістерде жетекші рөл атқарып, басқа әлеуметтік топтарды, әсіресе жұмысшыларды жұмылдырды.

Иранда студенттер қозғалысының ұзақ тарихы бар. Ирандағы студенттер наразылығы 1934 жылы Теһран университетінің құрылуымен бір мезгілде пайда болды.  Алайда Реза шахтың авторитарлық билігі кезінде аса белсенді көрінбеді. 1320 жылдардың басында Реза шах құлап, ашық саяси кеңістік құрылған соң студенттік қозғалыс бірте-бірте жанданып, елдің саяси-әлеуметтік дамуына ықпал ете бастады. Олардың рөлі кейінгі жылдары үдей түсті. 1953 жылы студенттер АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Никсонның Иранға келуіне наразылық акциясын өткізіп, соның салдарынан Теһран университетінің техникалық факультетінің үш студенті қаза тапқаннан кейін 16 азар Иран күнтізбесінде Студент күні ретінде тіркелді.

Студенттер Иран Ислам революциясының жеңіске жету үдерісінде қоғамның ең маңызды да ықпалды топтарының бірі болды. Бұл арада студенттердің ықпалының бір қыры халықтың революциялық үдеріске қатысуына негіз қалауы болды. 1340-1350 жылдардың басында шах режимі бар күшін оппозицияны жоюға және қоғамда қабірдегідей тыныштық атмосферасын орнатуға жұмсады. Мұнайдан түскен мол табысқа және АҚШ-тың жан-жақты қолдауына мас болған шах ешқандай қарсылыққа шыдай алмады. Осы себепті елде тұншықтыратын атмосфера жайлады. Осындай өлімге итермелейтін көңілсіз атмосферада студенттер бір жағынан қарулы және партизандық қозғалыстарды бастап, екінші жағынан кәсіподақтық және саяси наразылықтарды кеңейту арқылы елдің озбыр да тұншықтыратын атмосферасын бұза алды. Шах 1963 жылы оппозиционерлерді қатаң түрде басып-жаншу арқылы ешбір қарсылыққа төзбейтінін түсіндірді. Содан кейін партизандық және диверсиялық топтар құрылды. Студенттер «Федаиан-е Халқ" партизан ұйымы мен «Иранның халықтық мұджахедтер ұйымы» атты екі қарулы ұйымның негізін құрап, режимге соққы беру және қоғамды тұншықтыратын атмосфераны бұзу үшін іс-қимылдар жасады. Бұл топтар режимнің бірнеше операциясынан кейін САВАК тарапынан тұтқындалып, басып-жаншылды. Бірақ олар Иран қоғамында өзгерістерге үміт отын тудыра алды. Никки Р.Кэдидің сөзімен айтқанда, "Бұл топтар басқа оппозиционерге шахтың қуатты басып-жаншу және тұншықтыру машинасына қарамастан, режимге қарсы әрекет етуге әлі де болатынын көрсетті". Студенттер режимге қарсы қарулы қимылдар жасаумен қатар, кәсіподақтық және саяси формадағы студенттер наразылығын дамыту арқылы қоғам мен университетте үстемдік құрған авторитарлық атмосфераны бұзуға тырысты. Бұған жету үшін олар басқа пікірлес әрі наразы студенттерді анықтап, оларды альпинизм ұйымдары мен кооперативтік компаниялар сияқты кәсіподақ және азаматтық ұйымдар түріне тартып, ұйымдастыру арқылы Мұхаммед Реза Пехлеви режиміне қарсы студенттердің наразылығын тудырды. Сондай-ақ, студенттер саяси себебі бар кәсіподақ наразылығын тудырумен қатар, тиісті жерлерде саяси қозғалыстар да ұйымдастырды. Мысалы, Парсы империясының 2500 жылдық тарихын тойлауға, 16 азар оқиғасы мен 15 хордад көтерілісіне реакция ретінде олар жиындар мен наразылық акцияларын ұйымдастырған. Осылайша олар депрессия мен үмітсіздік атмосферасының Иран университеті мен қоғамына үстемдік етуіне жол бермеді.

Студенттердің Иран Ислам революциясының жеңіс жолындағы тағы бір маңызды әрі тиімді әрекеті революциялық және исламдық идеяларды халық арасында таратып, ілгерілетуге талпынысы болды. Студенттер кәсіподақтық және саяси қозғалыстарды өздерінің түпкі мақсаты ретінде емес, жоғары мақсатқа, яғни шахтың авторитарлық және тәуелді режимін құлату, бостандық пен әлеуметтік әділеттілікті орнату, қоғамдағы қысымды жою құралы деп санады. Студенттер Иран Ислам революциясының маңызды идеологтарының бірі саналатын доктор Шариятимен байланысып, қоғамда революциялық идеяларды ілгерілетуде тиімді рөл атқарды. Доктор Шарияти 1350-ші жылдардың басында марксизмді сынап, ислам мәдениетіндегі шәһидтік және құрбандық сияқты діни ұғымдарға назар аударуы арқасында қоғамның діни бұқарасы мен ирандық студенттер арасында маңызды орын тапты және студенттер мен имам Хомейни арасындағы интеллектуалдық көпір болды. Наразы студенттер өздерінің барлық мүмкіндіктері мен байланыстарын доктор Шариятиді таныстыруға және оның революциялық пікірлері мен ойларын басқалар арасында насихаттауға, олардың революциялық рухын күшейту және саяси емес студенттер арасында жауынгерлік рухты тәрбиелеуге қолданды. Университет кеңістігі саясиланған соң олар революциялық ойларды Иран қоғамының әртүрлі қабаттарына таратты. Отбасы мүшелері студенттердің революциялық идеяларын таратудың алғашқы және ең тиімді орталығы болды. Отбасы мүшелерімен қарым-қатынаста олар көптеген революциялық ойлар мен ұғымдарды ауызша жеткізіп, оларды революциялық үдеріске атсалысуға дайындады. Бұған қоса, университетте білім алумен қатар, мектептерде сабақ беретін кейбір ирандық студенттер мектеп кеңістігін пайдаланып, оқушылар арасында революциялық идеяларды таратқан. Оқушылар – өте көп және қабілетті әлеуметтік топ. Олар мектептегі жиындарға мол күш-қуатпен кеңірек қатысып, режимді қорқыта алады. Сондай-ақ олар мәдени-әлеуметтік бағдарламалар аясында мұқтаж жандарға көмек көрсету сияқты құралдарды қолдану арқылы қоғаммен байланыста болып, халық арасында революциялық идеяларды тарату арқылы оларды режимге қарсы наразылыққа шығуға дайындады. Осы ықпал ошақтарымен қатар, мешіттер студенттердің халық арасында революциялық идеяларды тарату үшін қолданған негізгі базаларының бірі болды. Cтуденттер мешіттердегі кітапханаларды пайдаланып, театрда пьесалар қою, сондай-ақ имам Хұсейнді(ғ.) аза тұту рәсімдеріне қатысу арқылы халыққа революциялық ұрандар мен жолдаулар ұсынды.

Иран Ислам революциясының жеңіске жету үдерісіндегі студенттердің рөлі тек Иранмен шектелмеді. Шетелде білім алып жатқан ирандық студенттер халықаралық форумдарда шах режимінің репрессиялық сипатын әшкерелеуде тиімді рөл атқарды. Олар ішкі кемшіліктер мен жетіспеушіліктерді кеңінен көрсету арқылы, әсіресе Иранда адам құқықтары бұзылып, саяси қарсыластар басып-жаншылып жатқанын айтып, режимге халықаралық қолдаудың тоқтауына себеп болды. Осылайша олар елде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына септігін тигізді. 1956-1957 жылдардағы халық күресінің шарықтау шегіне елдің саяси атмосферасының ашылуы көп әсер етті. Шетелдегі ирандық студенттер саяси атмосфераның қалыптасуында тиімді рөл атқарды. Шын мәнінде шах режимінің басып-жаншу құралдарының босаңсуының арқасында халықтың наразылығы кеңейе түсті. Режимнің мәжбүрлеу күшін қолдануынан қауіптену сезімі азайған сайын, халық батылырақ наразылық білдіре бастады. Шетелдегі ирандық студенттер Ирандық студенттер мен оқушылар конфедерациясы және Студенттердің исламдық қауымдастығы қалыбында жақсы қызмет атқарды. Олар халықаралық конгрестер өткізіп, БҰҰ Бас хатшысына және әртүрлі елдердегі мемлекеттік қайраткерлеріне хат жолдап, Ирандағы тұншықтырарлық жағдайды сипаттап, режимнің әртүрлі елдердегі жасанды беделін жойды. Олар шерулер мен аштық акцияларын жариялау арқылы әлем жұртшылығының назарын өзіне аударып, оны режимге қысым көрсету үшін пайдалануға тырысты. АҚШ-та тұратын ирандық студенттер шахтың Америкаға сапары кезінде Ақ үйдің жанында шеру ұйымдастырды. Полиция шеруді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды. Бірақ желдің әсерінен көзден жас ағызатын газ патшаны қарсы алған жерге жетіп, оны жылауға мәжбүр етті. Бұл көрініс студенттердің шах режиміне қарсы тұрудағы сәттілігінің символына айналды.

Имам Хомейнидің жетекшілігімен халықты саяси тұрғыдан жұмылдыру әрекеті Ислам революциясының жеңіске жету үдерісіндегі студенттер атқарған рөлдің соңғы легі болды. Доктор Шариятидің студенттерді тартудағы сәттілігі және содан кейін студенттердің имам Хомейниді революция жетекшісі ретінде қабылдауы діннің университетке кіруінің нәтижесі болды. Шарияти дінге төңкеріс жасау арқылы діндар студенттер мен күрескер дінбасылары арасында берік байланыс орната алды. Бұл байланыс Ислам революциясының жеңісінде тиімді рөл атқарды. Өйткені студенттердің революциялық дінбасылармен бірігуі студенттердің имам Хомейнимен байланысына әкелді. Шын мәнінде Шарияти студенттер мен дін қызметкерлерін байланыстырушы фактор болса, дін қызметкерлері студенттер мен имам және бұқара арасындағы көпір болды. Доктор Шариятимен және күрескер дінбасылармен байланыстың әсерінен студенттер 1975-1976 жылдары Ислам революциясы барысында имам Хомейнидің жетекшілігін біртіндеп қабылдады. Аз уақыттың ішінде олар революциялық рухты бүкіл қоғамға таратып, халықты шах режиміне қарсы көшеге шығуға дайындады. Студенттер имам Хомейнидің басшылығын қабылдағаннан кейін халықпен тереңірек байланыс орнатты. Олар саяси қозғалыс халықтық және жан-жақты сипатта болмаса, деспотизм астында жаншылып қалатынын тәжірибеден түсінді. Сол себепті олар Шариятидің революциялық идеялары мен имам Хомейнидің кең танымалдығын пайдаланып, халықты жұмылдыра бастады. Олар шах режиміне қарсы жалпы халықты жұмылдыруда тиімді рөл атқара білді. Студенттер шахтың авторитарлық режимінің құлауында және Ислам революциясының жеңіске жетуінде шешуші рөл атқарды. Егер осы белсендік болмағанда, адамдардың бір-бірімен және имам Хомейнимен байланысы оңайлықпен қалыптаспас еді және аз уақыт ішінде шах режимінің құлауына әкеп соқтырмас еді.

Ардақты ағайын, «Иран Ислам революциясының қалыптасу тарихы» атты подкастымыздың бұл бөлімі де аяқталды. Алла қаласа, келесі бөлімдерде сіздермен имам Хомейни бастаған Ислам революциясының жеңіске жетуіндегі басқа әлеуметтік топтардың рөлі туралы сөйлесетін боламыз.

Тегтер